Бөдене жұмыртқасына сұраныс артып келеді

Нутрициолог мамандардың айтуынша оның еті де, жұмыртқасы да дәруменге толы.

Қазір бөдене асырайтын азаматтар көбейіп келеді. Мәселен тәулігіне 3 мың жұмыртқа мен 3 келі бөдене етін өндіретін кәсіпкердің бірі Астанада тұрады. Ол күніне 50-60 мың теңге пайда табады.

Елордалық Бағлан Сарбасовтың бөдене кәсібімен айналысқанына көп болған жоқ. Десе де кәсіп иесі аз уақыт ішінде құс санын 5 мыңға жеткізген. Олардың жұмыртқасы мен етін елорданың сауда дүкендеріне сатып, мол табысқа кенеліп отыр. Келешекте ауқымды бөдене фермасын ашуға ниетті.

Бағлан Сарбасов, кәсіпкер:

- Осы бөденемен айналысып жатқанымызға 4 айдай болды. Кәсіп бастап кеткен жайымыз бар. Ерекшеліктері менің өзіме жеңіл болды бұл. Ауырмайды бір жағынан, тек тамағын, суын беріп отырсан болды. Жұмыртқасын күнделікті өзі беріп отырады. Өзімнің көңілімнен шығып отыр. Осы манжур, эстондар, техас породалары. Көңілімнен шыққан кейін, әркім өз еңбегін сүйеді ғой. Маған осы 3-4 ай болды ұнап жұмысты алып жатқан жайым бар.

Бүгінде кәсіпкердің шаруашылығында бөдененің 4 түрі бар. Бірі жұмыртқаны жақсы берсе, енді біреуі етті. Бөдене орташа есеппен әр 16 сағат сайын жұмыртқалайды. Қазір өнімнің нарықтағы құны 40 теңгеден кем емес. Ал етінің келісі 4 мыңнан асады. Бағасы қымбат болғанмен, оған деген сұраныс жоғары.

Бағлан Сарбасов, кәсіпкер:

- Мен өзім қалада тұрамын. Қаладан келемін, жем, суын беремін. Кешке тағы келіп жем, суын беремін. Жұмыртқасын жинап аламын. Аптасына 2 рет кейде 1 рет астын тазалап тұрамын. Өз кәсібінің жеңіл жағын тапсаң болды ғой.

Мамандар бұл өнімді тұтыну арқылы қатерлі ісік пен қаназдық, гинекологиялық аурулардан айығуға болатынын айтады. Бастысы аш қарынға ішпеу қажет.

Ардақ Чуенбекова, нутрициолог маман:

- Орташа есеппен бөдене жұмыртқасының салмағы 9 гр болса, онда оның құрамындағы нәруыздың мөлшері 1гр-ға жете алады. Құрамындағы нәруыздар құнды нәруыздар болып есептелінеді. Өйткені құрамында организм үшін, әсіресе өсіп келе жатқан организм үшін алмастырылмайтын аминқышқылдары жақсы беріледі. Сонымен қатар құрамында майдың мөлшері жақсы беріледі. Келесі кезекте бұл дәрумендер мен минералдардың көзі. Бұл заттар организмдегі майдың алмасуын реттеуге қатысады, холестериннің деңгейін реттеуге қатысады, сонымен қатар жүрек-қан тамырлар ауруының алдын алуда жақсы ықпал ететін заттардың ықпалында.

Әлішер Әли, тілші:

- Бөдене жұмыртқасының тауық жұмыртқасына қарағанда калориясы көп болады. Мұны жеген адамның иммунитетті көтеріліп, ойлау қабілеті жақсы жұмыс істейді. Белсенділігі жоғары ер адамдарға аптасына 6-7 жұмыртқадан көп жеуге болмайды.

Авторлары: Әлішер Әли, Нұрғали Мамырбаев