Астанада Б.Сапарбаев туралы кітаптың тұсауы кесілді

Бүгін Астанада ел тарихында тұңғыш рет бес бірдей облысқа әкім болған көрнекті мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың құрметіне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараға Парламент депутаттары мен ғылыми-мәдени қауымдастықтың өкілдері қатысты. Конференцияда әкімдік институттың абаданы туралы арнайы түсірілген фильм көрсетіліп, «Өнегелі өмір» сериясында 400 беттік кітаптың тұсауы кесілді. 1000 дана болып тарайтын естеліктер жинағы кітапханалар арқылы оқырманға жол тартады. Ал жиын қатысушыларына арналған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов оқып берді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 

- Бердібек Мәшбекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі және адал қызметі – жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге.