Шымкентте сұйытылған газ бөлу жөнінен заңсыздықтар анықталды
Шымкентте сұйытылған газды бөлу жүйесінде заңсыздықтар анықталды.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бұрынғы басшысы бәсекелестік нормаларын өрескел бұзып, кейбір компаниялардың құқығын шектеген. Сәйкесінше 7 бірдей газ таратушы мекеме нарықта үстемдікке ие болған. Тағы 4 субъектіге өтінішсіз сұйық отын бөлінген. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірдегі өкілдері мәлімдеді. Тергеу қорытындысына сәйкес, әділетсіздіктің әсерінен мемлекеттік реттеу тетіктері бұзылған. Осыған қатысты басқарманың бұрынғы басшысына 300 айлық Есептік Көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ барлық кемшілікті жоюға, нұсқама түзіліп, 1 ай уақыт берілді. Айта кетейік, қалада автогаз тұтынушылары үшін ай сайын 7 мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газы бөлінеді.
Гүлмира Мырхиева, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қалалық департаментінің бас маманы:
- Сол кездегі басқарма басшысы өзінің міндетін тиісінше орындамай, сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде бақылауға алынбағаны үшін, ашықтық пен жариялылық болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алдағы уақытта нарық субъектілеріне қатысты теңдей бөлуін, сайттарда үнемі жариялауды қадағалап отыруды тапсырдық. Ол нұсқаманы орындау уақыты нұсқаманы алған уақыттан бастап 1 айдың көлемінде орындауы тиіс.