Алматыдағы үйлердің 30%-да су есептегіш құрал жоқ
Алматыдағы үйлердің 30 процентінде суды есептейтін құрал жоқ.
Енді биыл маусым айынан бастап есептегіш құралды орнатпаған тұрғындар үшін тариф өзгереді. Яғни ауыз су екі есеге қымбаттайды. Ал есептегіш құралы бар тұтынушыларға мұның қатысы жоқ. Олар бұрынғы тарифпен төлей береді. Бұл халықты, суды үнемдеуге шақыру мақсатында қолға алынып жатыр, дейді тиісті мекеме өкілдері.
Алматыда судың 70 проценті жерасты су көздерінен алынады. 30 проценті тау өзендерінен келеді. Өзен суы әуелі осы тазарту учакесіне келіп түседі. Бұл жердің мекен-жайы картада көрсетілмейді. Себебі стратегиялық нысан.
Ұлбосын Бүркітқызы, технолог:
- Бас тазарту құрылыстарына су қабылдау камерасына түседі. Қабылдау камерасы 3 секцияға бөлінген. Спиральды тұндырғыштарға, вертикальды және горизантальды. Тұндырғаштан өткеннен кейін су, сүзгі станциясына келеді. Екінші және үшінші кезектегі сүзгі станциялары бар. Сүзгіден өткен суды залалсыздандырып, тұтынушыларға жібереміз.
Осы тіршілік нәрін есептегіш құралы жоқтар мүлдем үнемдемейді. Пәтерде тұратындар да, жер үйде тұратындар да қулыққа басып, тіркелген бір-екі адам үшін ғана төлейді. Сондықтан олар есептеуіш құралын орнатуға асықпайды. Судың бағасы арзан болғандықтан үйде де, сыртта да босқа ағып жатады,-дейді «Алматы су» мекемесінің мамандары.
Серік Шағыров, "Алматы су" МКК ресми өкілі:
- Қазақстан бойынша ең төмен тарифтердің біреуі. Яғни 1000 литрге 55-ақ теңге төлейді. 30 пайызы әсіресе көбінесе, біздің Алматының тұрғындары, көбінесе ол жеке меншік үйде тұратын тұрғындар. Олар әлі есептеуіш құралдарын қоймаған. Олардың төлемақысы ай сайын бекітілген бір адамға 300-400 теңге төлейді. Ол 300 теңге үнемдеу процесіне ешқандай ықпалын тигізбейді. Сондықтан биыл, суды үнемдемейтін тұрғындарға, счетчиктерді қоймаған тұрғындарға ай сайын бекітілген төлемақысы 2 есе өсетін болады.
Бұл мегаполисте су аз дегенді білдірмейді. Басты мақсат ысырапқа жол бермеу. Мәселен, тек Алматы, Талғар, Кіші Алматы жерасты кен орындары тәулігіне 2 млн текше метрге дейін су бере алады. Ал, қалаға соның 700 мыңы ғана қажет. Дегенмен, судың мөлшері көп болғанымен лайланып жатыр. Оған өзіміз әсер етіп жатырмыз, дейді гидрогеология және геоэкология институтының мамандары.
Малис Әбсәметов, У. Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтының директоры:
- Суды ластап жатырмыз. Қазір қаланың жоғарғы жағында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Ондағы үйлерде орталық кәріз жүйесі жоқ. Септикті талапқа сай жасамаған соң жуынды жерге сіңеді. Қазірдің өзінде жоғарғы су тасымалдағыш горизонт ластанған. Қазір екінші горизонтқа жеттік. Мұнда ұңғыманың тереңдігі 200 метрден асады. Үшіншісіне жеткенде 500 метрден асады. Бұл жақсы құбылыс емес.
Сондықтан техникалық суды пайдалануды қолға алып, экологияны сақтап, кәріз жүйесін ретке келтіру керек. Ал 2026 жылға қарай ауыз су ақысы теңгерімді тарифке көшеді. Ол бойынша 1 адам айына 3 текше метрге дейін тіршілік нәрін қолданса баға өзгермейді. Ал одан көп тұтынған жағдайда басқа тарифпен төлейсіз. Яғни суды үнемдемесең, тектен-текке ағыза берсең, онда ең жоғары тариф болады.
Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов