Полицейлердің сенімді серігі
Атырау облыстық Полиция департаменті жанындағы кинология қызметін көзге көрінбейтін тыныштық күзетшілері десек те болады.
Ерекше мамандық иелері ізшіл де, иісшіл иттердің көмегімен былтыр 55 оқыс оқиғаның алдын алып, жоғалған ондаған жанның табылуына көмектесті. Мысалы, Асти деген ит екі адамды ажалдан құтқарып қалды.
Асти - адам іздеуге машықтанған. «Табиғат берген иісшілдік қабілеті жоғалған жандарды табуда таптырмас қасиет»,- дейді кинолог Жасұлан Елеуов. Қаңтар айында екеуі алыс қыстақтан адасқан малшыны аман алып қалды.
Бір жарым тәулік бойы хабарсыз кеткен малшының мотоцикліне тірелген құтқарушылар үшін әрі қарай әрекет ету мүмкін болмаған. Дер кезінде көмекке келген ізшіл Асти жоғалған азаматты тауып берді.
Жасұлан Елеуов, кинолог:
- Оқиға болған жерге барып, анықтап, із кесуге шықтық. Табылған киімнің иісімен анықтауға тура келді. анық із көрінген жоқ. Бірнеше шақырым жүрдік. Аман-сау таптық қызметтік итім Астимен бірге. Айта берсе көп қой. Асти мінез-құлқы жәйлі ит. Адам іздеу қабілеті өте керемет.
Ақылды төбе таяуда оқудан оралмаған ойын баласын санаулы сағатта тауып, ата-анасымен қауыштырды. Облыстық кинология орталығында қазір 13 үйретілген ит есепте тұр. Әрқайсының дербес үйретушісі бар. Осылайша 13 кинолог өзіне бекітілген жәрдемшісімен жаттығулар жасайды. Иттердің ішінде жарылғыш заттар мен есірткіні иісінен тап басып айыратын қырағылары жетерлік. Дегенмен адам іздеуге машықтанған Асти ерекше есепте.
Ринат Ержанов, ПД кинология қызметі орталығының бастығы:
- Қызметтік іздестіру иттерін жұмысқа алған кезде басты кретерийі: олардың мінез-құлықтарына мән береміз. Яғни, сангвиниг,тез қимылдағыштық онан бөлек ойнағыштық қабілеті басым болуы керек. Кинология қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидасында 613-ші бұйырығында көрсетілгендей ит 8-10 жыл қызмет атқарады.
Биыл орталық тағы 7 итпен толығады. Қазір қызметте жүрген төбеттердің орташа жасы 6-7 жыл шамасында. Міндеттерін мінсіз атқарып келеді. Жан-жануарлардың ішінде иттен асқан сезімтал мақұлық жоқ. Олардың осынау қасиетін қоғам тыныштығына пайдаланып жүргендердің еңбегі ерекше мақтауға тұрарлық. Міне, Астиін ерткен Жасұлан тағы кезекті сапарға ығып барады. Жолы болсын деп тілейік.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов