Елімізде иттердің көмегімен 575 қылмыстық іс ашылды

Елде жыл басынан бері иттердің көмегімен 575 қылмыстық іс ашылған, деп хабарлайды 24KZ.

Қауіпті жердегі бомбаны анықтап, ұры-қарыны ұстап беріп жүрген осындай иттер жайлы көп біле бермейді екенбіз. Тіпті технологиясы дамыған елдердің өзі әлі күнге осы иттің көмегіне жиі жүгінеді.

Елордадағы Кинология орталығы қылмыспен ит арқылы күреседі. Қазір бұл орталықта 50-ден астам қызметтік ит бар. Былтыр аталған иттердің көмегімен қала бойынша 131 қылмыстық іс әшкереленген. Берікжан Тәуеновтың ізкесуші сенімді серігі Феликс өткен жылы жоғалып кеткен 5 жасар қызды 15 минутта тауып, ата-анасымен аман-есен қауыштырған.

Берікжан Тәуенов, Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығының кинолог инспекторы:

- Феликс мен осында жұмысқа кіргенде кішкентай ит болатын.  Маған арнайы сол итті берді. Мен ол итпен көп жұмыс істедім, өзіме қаратып, командалар үйретіп, ізбен жұмыс істеп үйреттім. Қазір бірге жұмыс істеп жатқанымызға 4 жыл болды. Оның ерекшелігі – ол өте адал ит. Сенен басқа ешкімге бармайды, сенен басқа ешкімнің командасын тыңдамайды. Тек саған адал. 

Кинологтар бір күн қызметте болса, екінші күні демалады, ал үшінші күні итін баптап, үйретеді. Олардың бабын табу да оңай емес. Ұзақ уақыт бойы дайындалады. Дайындыққа бір жылдан екі жылға дейін уақыт кетеді. Мұндағы иттердің өз машығы бар. Біреуі есірткі, екіншісі жарылғыш, енді бірі адам іздейді. Шабуылшы ит те бар.

Рауан Дәулетов, Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары:

- Мен мына есірткінің баламасын қазір бір штативке тығамын, кейіннен бельгиялық овчарка, сол ит келіп, иісті табатын болады. Көреміз соны.

Иә, өздеріңіз көргендей, Сұнқар атты бельгиялық овчарка есірткі баламасын дәл тапты. Оған біздің де, иесінің де күмәні болмады. Себебі кинологтар серіктерімен бірге есірткі өтіп кетпеуі үшін үнемі пошта тексеруге шығады. Жалпы ел бойынша иісшіл итердің көмегімен жыл басынан бері 129 есірткі қылмысы ашылған.

Алмас Күнтуов, ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Кинологиялық қызмет бөлімінің бастығы:

- Жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 575 қылмыс, оның ішінде 190 ұрлық, 16 тонау, 2 қарақшылық, 7 кісі өлтіру және 129 есірткі қылмысы ашылды. Шамамен 130 келі есірткі құралдары, оның ішінде 1 келіден астам синтетика алынды.

Орталықта әр иттің жеке іс-құжаты жүргізіледі. Ашқан қылмыстары, жарыстағы жетіс­тіктері тіркеліп отырады. Ал екі-үш жасынан полиция құрамында жүрген ит 9-10 жылдан соң қызметтен босатылады.

Авторлары: Әлішер Әли, Ырыстанбек Оспанов.