Сейсмикалық қауіпсіздік басқармасы құрылады

Алматы әкімдігінде Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылатын болды.

Бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында депутаттар осындай бастаманы бекітті.

Сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы да жұмыс істейді. Бірінші басқарманың міндетіне – сейсмикалық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету, табиғи апаттар кезінде өзін қалай ұстаудың базалық дағдыларын үйретуді ұйымдастыру кіреді. Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаменттері, полиция, қалалық қызметтер мен сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ұйымдардың жұмысын үйлестіреді.

Жаңа басқармалар аудандық әкімдіктердің басқа басқармалары мен аппараттарын оңтайландыру есебінен құрылады. Қосымша бюджет қаржысы бөлінбейді.

Бейбіт Шаханов, Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы:

- Осы басқармаға қала әкімі аппаратынан жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс пен азаматтық қорғауды қамтамасыз ету саласындағы функциялар беріледі. Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының жұмысы сейсмоаудитті сапалы жүргізуге, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде тәуекелдерді азайту бойынша жедел және алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.