Алматыда өткен ғасырда салынған үй құлағалы тұр
Алматыда өткен ғасырдың басында тұрғызылған үй құлағалы тұр.
Ағаш пен қамыстан салынған екі қабатты үйдің тұрғындары үреймен күн кешіп келеді. Олар қалада жарияланған реновация бағдарламасын күтуден шаршадық, дейді. Бұған әкімдіктің өз уәжі бар.
Бұл Алматының Түрксіб ауданындағы ең ескі үйдің бірі. Чехов көшесінде орналасқан екі қабатты нысан 1929 жылы тұрғызылыпты. Ағаш пен қамыстан салынған үйде 8 пәтер бар. Мұнда тұрудан қорыққан бірқатар отбасы көшіп те кеткен. Қалғандары барар жеріміз болмаған соң амалдың жоғынан өмір сүріп келеміз, дейді.
Талғат Мырзабаев, қала тұрғыны:
- Үйдің бәрі айырылып жатыр. Шіріп кеткен бәрі. Астында тышқан, крыса дегендер толып жүр. Енді не істейміз? Полының бәрі шіріп жатыр, жүрсең астындағы шіріген ағаштарынан құлап кете жаздайсың.
Ескі үйді ешқандай басқарушы компания алмайды екен. Мүлік иелерінің бірлестігін құрғаннан да пайда жоқ. Себебі тұрғындардан жиналатын азын-аулақ жарна ешнәрсеге жетпейді.
Елена Савинкова, қала тұрғыны:
- Біз қолымыздан келгенше жамап, жасқап келеміз. Өткендегі жер сілкінісінен кейін менің пәтерімдегі үлкен сызат пайда болды. Бұрын кішкентай ғана болған, қазір төбеден еденге дейін жарылып кетті. Ағаш еден шіріп тұр, үреймен өмір сүріп жатырмыз.
Түрксіб ауданы әкімдігі ғимаратты апатты үйлердің қатарына жатпайды, дейді. Оның апатты екенін дәлелдеу үшін пәтер иелері тәуелсіз сарапшыларға жүгінуі керек екен. Тұрғындардың бар үміті реновация бағдарламасы.
Болат Байділдаев, Түрксіб ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Ол жерге инвестор келсе, ол жерде жалғыз үй емес қой, целый квадрат. 8 үй бар. Мына жағы Шолохова, мына жағы Чехова, ар жағы Тынышбаева, мына жағы Щербакова. 2019-2020 жылдары болған инвестор. Келіп, көріп бірақ енді өзіне, мысалы барлығы көп қабатты үй соққысы келеді. Ал бұл жерде 5 қабатты этаждан артық соғуға болмайды.
Сондықтан инвесторларда онша қызықпай отыр. Бүгінгі таңда Түрксіб ауданында реновация бағдарламасының кезегінде 586 үй тұр. Ең ескі үйде осы тізімде. Соңғы екі жылда олардың үшеуі ғана сүріліпті. Инвестор болмаса, реновация да жасалмайды, дейді әкімдік өкілдері. Сонда тозығы жеткен үйдің жағдайын не болмақ?!
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев