Кәсіпкерлікті қолдауға қатысты заң жобасы
Бизнесті жазалаудың орнына, заңбұзушылықтың алдын алуға ден қою.
Кәсіпкерлерді артық әкімшілік жүктемеден босатып, бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау. Бүгін Сенатта еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне бизнесті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Жобаға сәйкес, енді 114 заңнамалық актіге 1600-ден астам өзгерту енгізілмек. Оның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық, сәулет және құрылыс, өнеркәсіп қауіпсіздігі сияқты бірқатар сала қамтылған. Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес, қайта өңдеу өнеркәсіптерін қолжетімді бағадағы шикізатпен қамту, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуден бас тарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сенатор Ләззат Рысбекованың пікірінше, заң жобасы мемлекеттік реттеу саясатының жаңа тәсіліне сай, тұтынушы, бизнес пен мемлекет мүдделерінің балансын сақтауға мүмкіндік береді.
Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:
- Бұл заңда біз төрт бағыт бойынша бақылауды қысқартамыз. Былтыр мемлекеттік аппарат тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру арқылы үлкен жұмыс жүргізді. Соған сай жүйе тұтынушыларға, экологияға қауіпті қызмет көрсететін кәсіпкерлерді ғана қадағалайды. Ал тәртіпті бұзбайтын бизнес өкілдерін шамадан тыс тексеруге ілікпейді. Мораторийге дейін кәсіпкерлерде жылына 120 мың тексеру болды. Ал автоматтандырылған жүйемен олардың саны 50 мыңға дейін қысқарады. Заң жобасы мақұлданса, бизнеске әкімшілік жүктеме азайып, біз тексерістерді 2,5 есе қысқартамыз.