Марқакөлде мемлекеттік ұйымдарды құру жұмыстары аяқталды
Шығыс Қазақстан облысында бөлек аудан болып жарияланған Марқакөлде мемлекеттік ұйымдарды құру жұмыстары аяқталды.
Қазір жеке меншікке өткен ғимараттар қайтарылып жатыр. Жақында жергілікті мәслихат жұмысын бастап, енді әкім тағайындалмақ. Жалпы жергілікті белсенділердің айтуынша, шекара шебіндегі аймақты дамыту бойынша жоспар көп болғанымен шешімін таппаған мәселелер де шаш етектен.
Шаруашылық жетекшісі Амантай Иқамбаев Марқакөлде алдымен өндіріске ден қою керек. Себебі кәсіп дамыса, тірлік жанданады, дейді. Осы ойын іске асыруға кірісіп, 80 бас сиыр сатып алды. Енді оның сүтін, етін, терісін кәдеге жаратпақ. Болашақта 13 түрлі өнім шығарып, ауылдың құрт-ірімшігін, сүт-майын брендке айналдырады.
Амантай Иқамбаев, шаруашылық жетекшісі:
- Халық қаладан әкелген айран, қаланың қаладан әкелген өнімдерді қолданып отыр. Оның орнына біз өзіміз өндіріп, өзіміздің халқымызды, аудан халқын қамтамасыз етіп, біз қалаға шығарсақ, табиғи өнімді, аудан сонда дамиды. Халыққа жұмыс көзі ашылады.
Ауыл белсендісі Абзалбек Мұхаметжановты да кадр мәселесі алаңдатады. Ақсақал қыруар қаржы бөлінетін ауданға қызмет етуге, тек жанашыр азаматтар шақырылса деген ниет.
Абзалбек Мұхаметжанов, ардагер журналист:
- Жеке пікірім осы жергілікті Марқакөл жастары болса деймін оқыған жастар бар, білімді жастар бар. Жаңадан аудан ашылып жатқаннан кейін бұған қомақты үлкен қаражат бөлінеді ғой. Сол қаражат дұрыс жұмсалса, орнымен бақылаумен дегендей әр тиынына дейін қадағалану керек. Бір үй салынса да, бір қазық қағылса да.
Марқакөлде қазір бос тұрған ғимараттар жөнделіп, жекеге өткендер қайтарылып жатыр. Келген мамандарды баспанамен қамту да өзекті.
Рүстембек Кемешов, Марқакөл ауылдық округінің әкімі:
- Ескі тұрған бос ғимарат этажды жөндеу жұмыстарын қалыптастыру бойынша "Бір қабатта Шығыс" бойынша үйлер салу бойынша жоспар құрылды. Ендігі кезекте мамандармен тапшылық туындауы анық. Дегенмен, біз жерлестерімізді көшіп кеткен тумаларды ауданға жұмыс істеуге шақырамыз.
Расымен де істейтін жұмыс шаш етектен. Алдымен өлкедегі көшті тоқтатып, шекаралық мәртебе беріліп, мамандарға арнайы үстемақы қарастыру керек, дейді сарапшылар. Марқаның туристік әлеуеті де мықты. Бірақ оның дамуы - жол қатынасына қарапр.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Сондықтан марқакөлдіктер Бұқтырманың үстінен салынып жатқан мына көпірдің уақтылы аяқталуын асыға күтіп жүр. Өйткені өлкенің табиғаты көз тартады. Марқадай көлі,асқар тауы бар. Өзенге, орманға, аң-құсқа да бай. Алайда сондай жерді тамашалауға жол қашықтығы көп кедергі келтіреді. Егер бұл гидроқұрылғы салынса, алысты жақындатады, яғни туризмнің дамуына үлкен серпін береді дейді ондағы жұрт.
Қазір ауданда 8 мың адам тұрады. Ширек ғасыр бұрынғы көрсеткіштен 3 есе аз. Көш тиылмай тұр. Себебі таза ауыз су, жылдам интернет, ұялы байланысқа мұқтаж ауыл көп.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов