Шымкентте әкелердің алимент бойынша қарызы екі млрд теңгеден асты
Шымкентте алимент төлеуден жалтарған әкелер дәнекерлеуші, механик, инженер болып жұмысқа орналасады.
Кәсіпкерлер оларды апта бойы оқытып, жағдай жасауға дайын. Тіпті екі мыңнан аса бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Кейін еңбекке ептілігін көрсетсе, олармен келісім-шарт жасалады. Бұл әдіс қала прокурорларының бастамасымен қолға алынды. Себебі мегаполисте тұрақты жұмысы жоқ алиментші әкелердің берешегі 2 миллиард теңгеден асып кеткен. Пробация қызметінде мың жарымнан астам адам есепте тұрса, 500-ге жуығы жұмыссыз жүр.
Қуандық Айтбайұлы, қала прокуратурасының басқарма бастығы:
- Тұрақты жұмыстары жоқ борышкерлер өздерінің алименттерін және пробациялық есепте тұрған адамдар сот шешімдерінің шығындарын немесе айыппұлдарын төлей алмауда. Бұл өз кезегінде алимент сомасының өсуін және сот шешімдерінің орындалмауына әкеп соғады. Сондықтан біз бұл іс-шараға қаладағы өз жобаларын іске асырып жатқан түрлі инвесторлар бар. Соларды шақырттық. Олар түрлі бос жұмыс орындарын ұсынып жатыр.