Түркістан облысында жекеге заңсыз өткен 330 мың гектардан астам жер қайтарылды
Былтыр Түркістан облысында заңсыз жекешеленген және мақсатына сай пайдаланбаған 330 мың гектардан астам жер халыққа қайтарылды.
Оның басым бөлігі жайылымдық жер. Бұл жұмыс биыл да жалғаса ма? Өңірде жайылым қажеттілігі қанша?
Түркістан облысы еліміздегі халық саны ең көп, ал жер көлемі ең аз өңір саналады. Мұнда бос жатқан қарыс қадам, бір сүйем жер жоқ. Қандай жолмен алса да барлығының егесі бар. Сайрам өңірдегі халқы ең тығыз орналасқан аудан. Сондықтан жер тапшылығы мұнда да өзекті.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Жайылымдық жердің аздығынан қолға қараған төрт түлік мал осылай ауылдың іргесінен алысқа ұзай алмай отыр. Себебі айналаның барлығы егістік алқаптар. Ал жайылымдық жерлерді ебін тапқандар жекешелендіріп алған. Былтыр арнайы құрылған комиссия осы ауылдың маңындағы 100 гектар жердің 83 гектарын мемлекет меншігіне қайтарған.
Көлкент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Айнабеков «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен халықтың жерін қайтаруға бел шеше кіріскен азаматтың бірі. Қазір Ханқорған елді мекеніне тиесілі қалған жерді халықтың ортақ мал жайылымына қайтару үшін жұмыс істеп жатқандарын айтады.
Сейітхан Айнабеков, Көлкент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Тағы бір 3-4 азамат бар, ол азаматтар жақын арада өздері заңсыз қоршап алған жерлерін ашамыз деген ниетін білдіріп отыр. Егер ол ашылған жағдайда тағы да бізде 10-12 гектар жер кеңейіп, халықтың жалпы пайдалануына өз үлесін тигізіп, жайылым кеңейеді деген үміттеміз.
Жалпы Сайрам ауданында 250 мың бас мал, 24 мың гектар жайылымдық жер бар. Сонда әр гектарға 10 бастан келеді. Өткен жылы аудан басшылығына 5500 гектар жайылымдық жерді қайтару тапсырылған. Жыл соңына дейін соның 4180 гектары мемлекет меншігіне қайтырылып, ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына берілді. Жауаптылар қалған 1320 гектар жекеменшік жердің мәселесі қазір сотта қаралып жатқанын айтады.
Шухратулла Убайдуллаев, аудан әкімінің орынбасары:
- Жайылым жер аз болғандықтан ауданаралық жерлер бекітілген. Түлкібас ауданында Қайшақты деген жерде 1300 гектар жерді қайтарып, Қарабұлақ ауылдық әкімшілігінің баланысына тұрақты пайдалануға бердік. Жалпы 3 жылда біз 8 мың гектарға жуық жерді қайтардық. Игерілімей жатқан жерлерге келетін болсақ, қазір уәкілетті органдардың, ауыл әкімдерінің қатысуымен жұмысшы топ құрылып, солар жұмыс істеп жатыр.
Жалпы еліміздегі мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Ортақ жайылым қажеттілігі 600 мың гектардан асады. Өткен жылы тексеру барысында прокуратура ауыл әкімдерінің бұл көрсеткішті 3 есеге, яғни 2,1 млн гектарға дейін көбейткенін анықтады. Нәтижесінде заңсыз әрекетке барған 174 ауыл әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардан 5 млн теңге айыппұл өндірілді.
Мұрат Тлеубердиев, облыс прокуроры:
- Заңсыз иемденген жерлерді мемлекетке қайтару мәселесі бойынша талап-арыз жұмыстары жүруде. Жалпы облыс құрылған 5 жылдың ішінде 200 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлердің бәрі мемлекет пайдасына қайтарылды.
Мамандар облыста 600 мың гектардан астам жайылым тапшы екенін айтады. Биыл 60 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда. Бұдан бөлек ортақ жайылым көлемін ұлғайту мақсатында арнайы қордағы 125 мың гектар жер учаскесін ауыл тұрғындарына тұрақты пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов