Кептірілген жемістен кәсіпке дейін...
Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны үйінде бақша және жеміс-жидек өнімдерін кептіріп, одан қақ пен пастила дайындайтын шағын цех ашты.
Кәсіпкер бұған мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттың арқасында қол жеткізгенін айтады.
Киелітас ауылының тұрғыны Феруза Басуова өткен жылы 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған. Оған жемісті турап, кептіретін бірнеше аппарат сатып алыпты. Қазір ауласындағы шағын цехта түрлі жемістен кептірілген қақ пен пастила шығарып жатыр. Қақ пеште 5-6, ал пастила 10-12 сағат төменгі температурада кептірілетінін айтады. «Cонда жеміс бойындағы дәрумендерді сақтап қалады»,-дейді. Айтуынша, шикізат қалдықсыз өңделеді. Кесілген жемістерді ұзақ қайнатып, одан тосап алады.
Феруза Басуова, Киелітас ауылының тұрғыны:
- Енді мына тосапты осы қақтың үстіне жағып, бетіне дән сеуіп, тәтті фрипсылар шығарайын деген ойымыз бар. Дәл қазір мен күніне 5-6 келі пастила, 3-4 келі қақ шығара аламын. Өйткені қақ өте жеңіл болып кетеді. Кепкен кезде салмағы 12 есе кемиді. Мемлекетімізге рахмет, бізге қаржы бөліп, қазір жастарға болсын, үйде отырған әйелдерге керемет қолдау, мүмкіндік.
Кәсіпкер кептірілген жеміс өнімін Шымкент қаласындағы сауда және сауықтыру орындарына өткізетінін айтады. Себебі дәруменге бай пастила денсаулыққа пайдалы көрінеді. Әсіресе спортшылар мен балалар жақсы көреді дейді. Феруза биыл 2,5 пайыздық несие алу үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниетті. Себебі оған дайын өнімді қаптамаға орап, таңбалайтын аппарат сатып алмақ. Жалпы өткен жылы Төлеби ауданында 90 азамат қайтарымсыз грантқа ие болса, биыл 93 адамға берілмек.
Қайырғали Әміртаев, облыстық еңбек мобильділігі орталығы аудандық филиалының бөлім басшысы:
- Биыл да сол қызмет көрсету, өндіріс салаларына басымдық беріңдер деп айтып жатыр бізге. Өйткені, мал шаруашылығына басқа да жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр ғой. Грант кішігірім кәсіптерге басымдық береміз деп отырмыз. Кімнің бизнес жобасы өтімдірек, ауданымызға керекті жоба болса, комиссия мақұлдаса, 400 АЕК аударылып беріледі.
Өткен жылы Түркістан облысында 1688 азамат қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан. Биыл өңірде жаңа бизнес жобаларды дамыту үшін 1 800 тұрғынға қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен 2,3 млрд теңге қаралған.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Биылдан бастап тұрғындар қайтарымсыз грантқа “Қазақстанның еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы” аясында ие болады. Жобаға сәйкес, алдағы 6 жылда елдегі жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Еліміздегі осал топтағы азаматтарға қайтарымсыз грант беру жобасы ең алғаш 2018 жылы басталған болатын. Содан бері 26 мыңға жуық түркістандық тұрғын осы жобаның игілігін көрген.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов