Елордада волейболдан Baq Liga чемпионаты өтті
Елордада волейболдан БАҚ өкілдері арасындағы «BAQ liga» чемпионатының бесінші маусымы өз мәресіне жетті.
Үш айға созылған дүбірлі додада барлығы 10 команда бақ сынасты. Финалда «Хабар» командасы мен «Қазмедиа орталығы» кездесті.
«Хабарлықтар» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Жүлделі екінші орынды «Қазмедиа орталығы» алды. Қолаға «Atameken business» командасы қол жеткізді. Жарыс соңында «Хабар» агенттігінің Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады. Финалдан кейін марапаттау рәсімі өтіп, үздіктер мен жүлдегерлер марапатталды.
Азиз Жұмаділ, «BAQ liga» қоғамдық қорының жетекшісі:
- BAQ liga-ның басты мақсаты – БАҚ өкілдерінің басын қосу, редакциялар арасындағы тимбилдинг, БАҚ өкілдері арасындағы көпірді жалғау. Спортшы шығару, чемпионды анықтау деген мақсат жоқ. Ең бастысы – БАҚ өкілдерінің демалыс орнын, бейресми уақытта бір-бірімен талқыласып, ақылдасатын тимбилдинг алаңын ұйымдастырып беру.
Сәкен Сейітханұлы, «Хабар» командасының ойыншысы:
- Бұл жеңіске біз ұзақ дайындықпен келдік, бұған дейін 2-3 орын алатынбыз. Биыл «Хабар» чемпионы болды. Бұған дейін чемпион болмайынша соңына дейін күресеміз деп айтқан едік, сол сөзімізде тұрдық. Міне, бүгін «Хабар» агенттігінің командасы – чемпион.