Қызылорда облысында су арналары цифрландырылады
Мұнан бөлек алқап басында тіршілік нәрін өлшейтін қондырғыларды көбейту көзделіп отыр.
Әр тамшыны есепке алудың басты себебі су тапшылығы мәселесі жыл сайын күрделеніп келеді. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитетінің Қызылорда облысындағы көшпелі отырысында осы түйіткіл талқыланды.
Трансшекаралық Сырдария өзені арқылы ел аумағына қазан және ақпан айлары аралығында 6,9 миллиард текше метр су келуі керек еді. Алайда бұл көлемнің 76 пайызы ғана орындалды. Су қоймаларының толмауы, тіршілік нәрінің ысырабы салдарынан экономикалық және экологиялық мәселелер туындап отыр. Мысалы, соңғы 12 жыл көлемінде Арал теңізінің суы 6,2 миллиард текше метрге азайған.
Бақыт Жақанов, облыс әкімінің орынбасары:
- Осыған орай суды реттеудің біріңғай жүйесін қалыптастыруымыз керек. Сол кезде суды үнемді пайдалану мүмкіндігін береді. Осыған байланысты біз Иррригация және су ресурстары министрлігімен бұл жөнінде келістік, қазір тиісті жұмыстарды бастап жатырмыз.
Көп ұзамай салада ауқымды жобалар қолға алынады. «Тоғыз өңірде 20 су қоймасы жаңадан салынып, тағы 15-і қайта жаңғыртылады. 14 мың шақырым су арнасы мен гидронысандар жөнделіп, 3 мыңнан астам су арнасының жұмысын цифрландыру жоспарланған», - дейді мамандар.
Болат Бекнияз, ҚР СУ ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:
- 2026 жылға дейін Ақмола, Жетісу, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланған. Оның ішінде Қызылорда облысының суын жинақтау үшін Қараөзек су қоймасын салу. Су қоймасының жалпы сыйымдылығы 775 миллион текше метр.
Су Кодексінің жаңа жобасында саладағы өзекті мәселелер қамтылған. «Аймақтардағы талқылау барысындағы ұсыныстар да ескеріледі»,-дейді депутаттар.
Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жаңа заң жобасын шығару мәселесін талқылап жатырмыз. Ол дегеніміз бүгінгі гидротехникеалық құрылымдардың қауіпсіздігі мәселесі туралы заң. Сонымен қатар келесі кезеңде ирригация жөніндегі заң қабылдау мәселесін осы су кодексі аясынан шығарып, жеке заң қабылдауға ұсыным береміз деп ойлаймын.
Ағынды суды үнемдеуге қатысты жаңа технологияларды шұғыл енгізу маңызды. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш өте төмен. Сондықтан Қызылорда облысында алдағы 5 жылда тамшылату, жаңбырлату секілді әдістермен 24 мың гектар жерді қамту межеленді.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев