Ақтауда теңіз жаяу әскері жаттығу өткізіп жатыр

Ақтаудағы «Оймашы» полигонында Теңіз жаяу әскері жаттығу өткізіп жатыр.

Ауқымды шараға мыңнан аса сарбаз, танктер мен бронды машиналар, артиллеристер қатысуда. Бағдарлама аясында теңізшілер бригадасы күндіз және түнде жауынгерлік тапсырмаларды әртүрлі мақсаттағы әскери бөлімдермен бірлесе орындайды.

Жаттығу бағдарламасы бойынша қарсылас Теңіз әскері бекінген аумаққа түнгі мезгілде баса-көктеп кірмекші болды. Барлаушылар шабуыл болары жайлы алдын ала ескерткен. Сәйкесінше, сарбаздар мен командирлер жауға тойтарыс беруге тас-түйін дайындығын байқатты.

- Бригада командирі полигон картасы алдында жауынгерлік бөлімдердің әрекетіне баға береді.

Әскери теңізшілер бригадасының басшылығы жаттығуды жіті бақылап тұрды. Соңында карта алдында әр бөлімнің әрекетіне баға берді. Қорғаныс кезінде қателік кеткен жерлерді көрсетіп, ұтымды қимылдаған жауынгерлерден үлгі алуға шақырды.

Нұрбұлан Шаймұратұлы, бөлімше командирі:

- Взводтардың түнгі уақытта қорғаныс атысы жүргізілді. Инженерлік даярлық, әскери медициналық көмектесу, оқ астында оқ-дәрілерді жеткізу және тағы басқа да нормативтер болды.

- Экипажы к машине! 

Жаттығудың екінші кезеңінде броньды транспортерлердің қолдауымен Теңіз жаяу әскері қарсы шабуылға шықты. Жау шебіне жеткен соң қарсыластың әскери техникасы мен тірі күшін бейнелеп көрсететін макеттерге оқ жаудырды.

Ермұқан Жанатов, шабуылдау ротасының взвод сержанты:

- Біздің взод жауынгерлері бүгін көптеген кедергілерден өтіп, бірқатар тапсырманы орындады. Осындай жаттығу теңіз жаяу әскерлерін далалық жағдайда соғысуды үйретеді. Ұрыс барысында жас командирлердің жеке құрамды басқару тәжірибесі артады.

Граната атқыштар мен автоматшылар тобы әртүрлі қашықтықтан нысана көздеуден мергендігін байқатты. Осылайша әскери бөлімдер қарсыласпен бетпе-бет соғысу, қорғаныс жағдайын және шабуылдау тәсілдерін кезекті рет пысықтады.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев