Жамбыл облысындағы су арналарының құрылысы тоқтап тұр
Жамбыл облысында 4 ауылдың шаруалары 6 жылдан бері өз алқаптарына егін еге алмай отыр.
Себебі Шу ауданындағы 12 су арнасының құрылысы жарты жолдан тоқтаған. Салдарынан суармалы су келмей, ел игілігіндегі 5 мың гектар жердің шаңы шығып жатыр.
Бөлтірік ауылының тұрғыны Манат Бекетаевтың иелігінде 15 гектар суармалы алқабы бар. Жаздыгүні сол егістікке қауын қарбыз егіп бақша өнімдерін өсіретін. Бірақ шаруа 6 жылдан бері жерін пайдалана алмай отыр. Себебі тіршілік нәрін жеткізетін су арнасында құрылыс жұмыстары тоқтап, қазір мүлде құрғап қалған.
Манат Бекетаев, Бөлтірік ауылының тұрғыны:
- Күнкөрістен айырылып жатыр, жайлап-жайлап. Енді қырдың шөбін шабамыз, әйтеуір. Жылда 1500- 2000 тг-ден шөп сатып алып отырмыз, халықтың бәрі. Артық қыламыз деп, тыртық қылып отыр. Не дейсіздер енді.
Мерей Бает, тілші:
- Біз келген Дулат ауылдық округінің өзінде 6 каналдың құрылысы аяқсыз қалған. Мәселен мына Мәтқалық атындағы каналдың 12 шақырымының тек 3,5 шақырымын ғана бетондаған екен. Қалғаны аяқсыз қалыпты. Салдарынан каналдың бойындағы 1500 гектарға жуық егістік алқабы сусыз қалған.
Жалпы 2017 жылы Шу ауданындағы 15 су арнасын қайта жаңғыртуға Дүнежүзілік банктен 4,8 миллиард теңге бөлінген. Халықаралық жобаны түрік компаниясы бастап, бірақ жарты жолда аяқсыз қалдырды. Кейін Қазсушар Ирандық мердігермен келісімшартқа отырды. Бірақ құрылыс заттарының қымбаттауына байланысты жұмысы тағы тоқтады. Қазір аудандағы 12 канал құрылысы толық аяқталмай отыр. «Жобаны аяқтау үшін тағы 980 миллион теңге қаржы сұрап отыр», - дейді жауаптылар.
Ғалия Зарубаева, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Сол 5 канал бойынша 128 құрылымдар істелмеген ғой. Сонда соларға қазір корректировка жасалынып жатыр. Қалай корректировка бітеді осы марттың басында 15-не дейін уже шешіледі деп айтылды бізге су ресурстары комитеті бойынша. Сол кезде жұмыс басталады. Ақша бөлінеді Құдай қаласа, сосын жұмыс басталады.
Аудан басшылығы 3 жыл бұрын бітуі тиіс болған құрылыстың жақын арада аяқталарына күмәнмен қарайды. Сондықтан шаруаларға бақша өнімдерінен өзге дақылдарды егуге шақырып отыр.
Қайсар Құттыбеков, Шу аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Министрлікке хаттар жолданды жұмыстарды тез арада бітіру бойынша. Одан бөлек шаруашылықтармен ауылдық округ әкімшілігімен түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр. Шаруа қожалықтарға суды қажет етпейтін дақылдарды егу бойынша.
Жамбыл облысында 2017 жылы ПУИД бағдарламасы аясында 3 ауданға 9,1 миилиард теңге бөлінген. Жоба бойынша 51 арна жаңғыртылып 2021 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ жұмыстарының бітер түрі көрінбейді.
Айта кету керек, аймақта Еуропалық даму банкінің қаржыландырумен басталған 310 су арнасының құрылысы да толық аяқталмады.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә