Су тасқыны: ШҚО-да сақтық шаралары күшейтілді

Шығыс Қазақстанда су тасқыны болуы мүмкін учаскелерде сақтық шаралары күшейтілді, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір тасқын қаупі жоғары аймақта 4 мыңға жуық үй бар. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы орган өкілдері арықтарды тазалап, өзен арнасын бақылауға алған. Су қоймалары да басты назарда. Қазір жағдай тұрақты болғанмен, күн күрт жылыса, әп-сәтте жағдай өзгеруі мүмкін.

Биылғы қаңтар зайсандықтар үшін қатты аязымен есте қалды. Алайда ақпан айы басталысымен күн күрт жылынды. Кей күндері сынап бағанасы 17 градусқа дейін көтерілген. Манарбек Бошақов бұрын-соңды мұндай жағдайды көрмеген.

Манарбек Бошақов, Зайсан қаласының тұрғыны:

- 15-17 градус жылы болды. Бұл енді өмірде, табиғатта болмаған құбылыс деп есептейміз. Сарқырап келді, аққанда кәдімгідей сұмдық ақты. Екі сайдан кеп аққанда төтенше жағдай аяқасты, апат айтып келмейді деген жағдай.

Тұрғындар мен құтқарушылар бірлесіп, сол күні судың бетін қайтарды. Жалпы Зайсанда тасқын бола қалса, 250-ден астам адам, 150 техника, 5 мың қап инертті материал дайын. Сақтықты күшейтпесе болмайды. Себебі аудандағы елді мекендердің маңында 5 өзен бар. Әсіресе Үйдене су қоймасы қауіпті. 60 жыл бұрын салынған гидроқұрылғының тозығы жетіп, апатты деп танылған.

Бауыржан Оразғалиев, Зайсан ауданы ТЖБ бастығы:

- Енді бізде Үйдене су қоймасы бар. Онда 75 млн текше метр су бар, ол жарылған жағдайда 4 елді мекенді су басып қалуы мүмкін. Ол, атап айтқанда, Жарсу, Бақасу, Саржыра, Кеңсай елді мекендері. Енді қазір таңда транзитті жұмыс істеп тұр.

Үйдене су қоймасы апатты деп танылғанымен, қалпына келтіру жұмыстары басталмай тұр. Жергілікті билік жөндеуге қаржы сұраған. Оң жауап болмаған соң, су қоймасына мониторинг жүргізумен шектеліп отыр. Шемонаиха ауданында да қарбалас. Қызылсудың жолында бір қала мен 4 ауыл тұр. Техника, эвакуациялық пункт әзірленді.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізде үлкен өзендердің бірі – Уба өзені ағады, соны жару бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, бірлескен жиындар өткізіліп, жару жұмыстарын өткізетін мердігер кәсіпорындар анықталып, мұздың қалыңдығы қай жерді жару керегі анықталып, сол жұмыстарды жасап жатырмыз.

Биыл аймақта қар қалың. Демек шаруа да көп. Осы күнге дейін облыс бойынша 100 мың текше метр ақ ұлпа шығарылды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.