Ақтөбеде жедел қызмет операторына сот үкімі шықты
Ақтөбеде қансырап жатып көмек сұраған қыздың сөзіне сенбеген құтқарушы сотталды.
Жедел қызмет операторына 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге өтемақы төлеуі тиіс. Еске салсақ, жантүршігерлік оқиға былтыр наурыз айында болған. Терезеден кірген белгісіз адам ұйықтап жатқан 35 жастағы әйел мен оның 16 жастағы баласын пышақтап өлтіреді. Шудан оянған 13 жастағы қызына да бас салып, бірнеше жерден пышақ сұғып үлгерген. Қылмыскер қашып кеткеннен кейін есін жиған жеткіншек «112-ге» хабарласып көмек сұрайды. Алайда кезекші оператор «баланың ойыны» деп жедел жәрдем шақырмаған. Бір сағатқа жуық уақыт ішінде үш мәрте телефон соққаннан кейін ғана дәрігерлерді жөнелтіпті. Қазір қанды қылмысқа қатысты іс сот тергеуінде. Ал Қылмыстық Кодекстің «Салғырттық» бабы бойынша сотталушы, төтенше жағдайлар департаментінің операторы өз кінәсін мойындаған жоқ.
Ахметқали Молдағалиев, №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы:
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 371-бабы 1-бөлімі бойынша айыпты деп танылып, 6 ай мерзімге бас бостандығына шектеу жазасы тағайындалсын. Осы уақыт аралығында пробациялық бақылауға алынсын.