Еліміздегі орманшылардың жалақысы мардымсыз

Еліміздің орман және табиғат қорғау ұйымдарында еңбек ететіндердің бір бөлігі жоғары жалақыға қол жеткізе алмай отыр.

Атап айтқанда, өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері, мұнара бақылаушылары және радио байланысшылары 80 – 100 мың теңгені місе тұтуға мәжбүр. Ал орман шаруашылықтарының қызметкерлері үшін өткен жылы экология министрлігі жалақыны екі есе көтеріп бекіткен еді. Алайда жаңа жүйе барлығын бірдей қамтымаған. Енді бұл мәселені сенаторлар көтеріп, Үкіметке сауал жолдады.

Орман шаруашылығы мекемесінде оператор болып еңбек ететін Ольга Путинцеваның өмірі осы алқапта өтіп жатыр. Себебі күзету ісіне жауаптылардың бірі болғандықтан күні-түні байланыста. Ал жалақысы 100 мың теңгеден аспайды. Механиктер мен бақылаушылар және байланысшылардың да еңбекақы осындай. 

Ольга Путинцева, орман шаруашылығының кезекші операторы:

- Өткен жылы шілдеден бастап, орманшылардың айлық жалақысы 100 процентке өсті. Ал біздікі 70 процентке көтерілді. Алайда үстеме қаңтарға дейін болды да, кейін тоқтап қалды. Ақша жоқ деді. Қазір біздегі ең төменгі еңбекақы 85 мың теңгені құрайды және азғантай үстеме қосылады. 

Орман шаруашылығында еңбек ететіндердің жалақысында айтарлықтай айырмашылық бар.

Былтырғы жылдың шілдесінен бастап, басшылар мен инспекторлар және қорықшылардың айлығы ғана 100 процентке өскен. Бүгінде оларға 160 мың мен 400 мың теңге аралығында ақы төленеді. Бірақ бұл сома да атқаратын қызметпен сәйкес келмейді дейді орманшылар. Себебі әрбір жұмысшыға 250 гектар аумақты бақылау және тәлімбақта тал егіп өсіру секілді көп шаруа жүктелген.

Әлішер Құрманбаев, "Өскемен орман шаруашылығы" КММ бас инженері:

- Өрт сөндірушілер, өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері, күзетшілер, есепшілер, іс жүргізушілер, механиктер... Олардың жалақысы төмен. Сондықтан болар, ондай мамандықтарға адам тарту қиын.

Былтыр елімізде жеті резерват 800 миллионнан астам мемлекеттік дотация алған. Қаржы негізінен техникалық жағдайды жақсартуға бағытталыпты. Енді жұмысшылардың ахуалын ойлайтын уақыт келді. Саладағы кадр  мәселесі Сенатта да көтерілді. Тиісті министрлікке сауал жолдау арқылы депутаттар орман шаруашылығындағы барлық қызметкерлердің жалақысын теңестіруді көздеп отыр. Әсіресе, ауылдық жерде және ауыр жұмыс істейтіндердің айлығына 25 процент қосу керегін айтады. Механизаторларға  да еңбек демалысы кезінде сауықтыру үшін жәрдемақы төлеу қажет.  

Ольга Булавкина, Парламент Сенатының депутаты:

- Бүгінде экология министрлігі сол жалақыны көтеру үшін қаулы жобасын дайындап отыр. Көрші Ресейде орман шаруашылығы әскери саламен тең. Себебі онда да күзету болады. Сондықтан қорғау ісіне мән беру керек. 

Сөйтіп биыл тиісті министрлік штаттан тыс қызметкерлердің жалақысын көтеруді жоспарлап отыр. Нәтижесінде 5 мыңнан астам адам қамтылмақ. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Вячеслав Ветлугин, Риза Лепесова, Дмитрий Пыхтин