Президент теміржол ардагерлерімен жүздесті
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бастамаларымен танысқаннан кейін, Президент теміржол саласының ардагерлерімен жүздесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі мамандармен теміржолдың даму перспективасы жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен теміржол саласын өркендетуге баса мән беремін. Бүгін Сиань қаласында жаңа құрғақ порттың ашылуына байланысты маңызды шара өтті. Шын мәнінде, көлік-логистика саласы – басымдыққа ие бағыт. Қазір мемлекеттер көлік-логистика мүмкіндіктеріне ие болу үшін бәсекеге түсіп жатыр. Қазір, ең басты әлеует – табиғи ресурстар емес, тауар тасымалдау, логистикалық тізбектерді жолға қою. Еңбектеріңізді бағалаймын. Ең бастысы, сіздердің қызметтеріңізді қоғам айрықша құрметтейді. Сіздер мол тәжірибелеріңізге сүйене отырып, тиісті министрлік пен теміржол басшыларына ұсыныстар мен құнды кеңес бересіздер деп сенемін. Сондықтан бірге жұмыс істеуіміз керек.
Биыл - салаға 120 жыл. Ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол тоқтаусыз жүре берсін деген тілекпен ардагерлер Президентке шойынжол қызметкерлерінің қолшамын тарту етті. Соңғы жылдары жүк тасымалының көлемі айтарлықтай ұлғайған. Көлік министрлігінің құрылуы саланың дамуына серпін бергендей. Ардагерлер теміржол қатынасының қарқын алғанын тілге тиек етіп, Мемлекет басшысына алғыстарын жеткізді.