Депутаттық сауал. Су тапшылығының алдын алу
Құрметті Нұржан Молдиярұлы!
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2023 жылға арналған дүниежүзілік суды дамыту есебінде әлем елдері халқының 26 процентінде таза ауыз су көзі жоқ, ал 46 проценті антисанитарлық жағдайда өмір сүреді деп көрсетілген. Яғни 3,5 миллиардқа жуық адам жылына кемінде бір ай су стрессінде өмір сүреді. Соңғы 40 жылда жаһандық суды тұтыну жылына шамамен 1 процентке өсіп келеді.
Ғалымдар дүниежүзіндегі судың 70 проценті егін шаруашылығына кететіндіктен, салада суды үнемдеу технологиясын енгізуді кешіктірмеуді, өнеркәсіптен шығатын суды қайта өндеп, қолдануды көтеріп, дабыл қағуда.
Қазір судың маусымдық тапшылығы Орталық Африка, Шығыс Азия және Оңтүстік Американың кейбір аймағында сезіле бастаса, Таяу Шығыс пен Орталық Азияда су тапшылығының қауіптілігі арта түсті.
Халықаралық ұйым су тұтыну бойынша әлемде көшбасшы елге Түрікменстанды жатқызады. Бұл ел жылына жан басына шаққанда 5319 текше метр суды тұтынады. Қазақстандықтар жан басына шаққанда бір жылда 2345 текше метр, Өзбекстан 2295 текше метр, Қырғызстан 1 989 текше метр, Тәжікстан 1 895 текше метр суды өз мақсатына қолданады. Демек салыстырмалы түрде біздің елде суды тұтыну деңгейі жоғары.
Бұл – ойлантатын күрделі мәселе. Өйткені біздің елге келетін су көздері трансшекаралық өзендерге байлаулы. Су – біздің кемелді келешегіміздің кепілі десек, қазірден бастап жүйелі жұмыстарды атқаруымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су тапшылығының алдын алуда су шаруашылығы жүйесін тиімді жүргізуді, трансшекаралық суларды ұтымды пайдалануды Үкіметке шешуді тапсырды.
Соған сай, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғанына жарты жыл өтті. Министрліктің нақты бағыт-бағдары, жүйелі жоспары қандай? Бұл сұраққа нақты жауапты қашан, қалай аламыз? «Аманат» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы 10 басымдықты қамтыса, соның ең негізгісінің бірі – су мәселесін шешу.
Жауапты ведомство суды стратегиялық басымдық етіп, нақты қандай нәтижеге қол жеткізе алады. Бізге маңыздысы – осы!
Сондықтан төмендегі ұсыныстарды қарастыруды сұраймыз:
- Суды үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, инфрақұрылымын жетілдіру қажет. Технологиялық процесс ауылшаруашылығынан ірі өндіріс саласына мейлінше қамтылуы маңызды. Әсіресе өндіріс орындарында суды қайта өңдеп қолдануда енгізу тиіс.
- Мемлекетаралық комиссияларда ел мүддесіне сай трансшекаралық өзендерден алатын судың нақты көлемін белгілеп, ел аумағында тездетіп су қоймаларын салуды шешу керек.
- Барлық салаға қажетті суды цифрландырып, «көлеңкелі су нарығын» шектеу керек. Онсыз суды үнемдеу мүмкін емес.
- Шаруашылық су мен ауыз судың нормативін анықтап, көлік жуу орталықтарына ауыз суды қолдануды шектеу керек. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша тәуліктік су тұтыну орта есеппен 198,9 мың текше метрді құрайды. Онтүстіктегі мегаполисте 195 көлік жуу орыны бар. Бұл ресми тіркелген көлік жуу орны ғана. Енді қарапайым арифметика бойынша есептеп көрейік, бір автокөлікті толық жууға 50-60 литр су кетеді. Сонда бір тәулікте 195 көлік жуу орнында 10 көліктен жуылғанда 975 мың литр су, яғни 975 мың шаршы метр су шығындалады. Бұған ел аумағындағы қалалар мен кенттердегі мыңдаған көлік жуу орындарын қосыңыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, 2050 жылға қарай Орта Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 процент мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Өзекті мәселеге қазір мойын бұрып, іске кіріспесек, ертең кеш болады.
Осы мәселелерді өз құзыреттеріңіз шеңберінде қарастырып, шешімін табуына ықпал етулеріңізді және нәтижесі бойынша хабардар етулеріңізді сұраймыз.
Құрметпен, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері