Әлем бойынша 4 млн адам туған күнін 29 ақпанда тойлайды

Бүгін – 4 жылда бір келетін 29 ақпан.

Күннің бұлайша белгіленуі біздің дәуірімізге дейін пайда болған-мыс. Ал бұл күннің қандай ерекшелігі бар? 29 ақпанда туған адамдар туралы нумерологтар не дейді?  .

29 ақпан болатын жылды қазақта кібісе жылы дейді. Славяндар «високосный» деп атайтын төрт жылда бір рет қайталанып келетін басы артық бір күн ақпан айының үлесінде.

Болат Бопайұлы, этнограф:

- Кібісе жыл 4 жылда бір айналып келіп отырады. Соны қазақ кібісе жылы кіргенде айтады. «Өлеңімнің басы еді сексен сегіз, жерге бидай шықпайды екпесеңіз», – дейді. Енді 9-ға біткен жылы айтып отырады: «Екі тоғыз, он сегіз, жылқы семіз, қой семіз. Жылым жайлы өтеді, малым төлді, қой егіз».

24 жастағы Бауыржан Алдабаев туған күнін алтыншы рет тойлап жатыр. Себебі 4 жылда бір келеді. Яғни, 29 ақпанда туған. Кейіпкеріміз: «кібісе жылына қатысты ырымдар мен тыйымдарға аса қатты мән бермеймін», – дейді.

Бауыржан Алдабаев, туған күн иесі:

- Мен үшін 9 деген сан қорқынышты емес және одан да басқа әсерлер бермейді. Жалпы әр айдың, әр санның өзінің несібесі әрі әр жылдың өзінің несібесі бар. 29 ақпанда болатын туған күнімді өзгерту туралы ойлаған емеспін. Себебі өзі ерекше күн болғаннан кейін 4 жылда бір рет келгеннен кейін өзіме бір ерекше сезім сыйлайды.  

Кібісе жылы туралы халық арасында да түрлі пікір бар. Бірі бұл жылда үйленуге, іс бастауға болмайды десе, бірі апат көп болады деседі.

Болат Бопайұлы, этнограф:

- 29-ына біткен жылдарда кейбір жылдары 28-іне біткен жылдары апаттың болуы, жердің сілкінуі сияқты нәрсе болып тұрады. Тек сол жылға ғана байланып қалған деп айтуға болмайды. Бірақ енді есепте бір нәрсе бар. 100 жылда бір қайталанатын, 12 жылда. 60 жылда бір қайталанып келіп отыратын сондай бір апаттардың қайталануы болып отырады. Сол апаттар қайталанбасын деп сақсынатыны рас. Бірақ енді оны тастай сеніп, ырымға сенімге айналдырып алуға болмайды.

Әлем бойынша 4 миллион адам туған күнін 29 ақпанда тойлайды екен. Ал елде 1992 жылдан бастап дәл осы күні 2707 ұл, 2403 қыз дүниеге келген.

Нұрсәуле Төлегенова, нумеролог:

- 29 ақпанда туған балалар – жалпы біліп туғандар. Олардың көбінде интуициясы жақсы болып келеді. Өзінің қойған мақсаттарына тез жетеді. Бұлардың энергетикасы да мықты келеді. Алғырлығы басым. Сондай мінезді адамдар деп айтса болады.

Дерек бойынша 1500 баланың біреуі ғана 29 ақпанда дүниеге келуі мүмкін. New York Daily News газетінде екі келіншектің үш кібісе жылының 29 ақпанында 3 нәрестені дүниеге әкелгені туралы дерек бар. Норвегиялық Хенриксендер отбасы 1960, 1964 және 1968 жылдары 29 ақпанда нәрестелі болған. Ал Юта штатында Эстес отбасы да осы рекордты қайталаған: балалары 2004, 2008 және 2012 жылы туған.

Авторлары: Зарина Кәп, Серік Қонырбаев.