Елімізде синтетикалық есірткі қолдану артып барады

Соңғы 3 жыл ішінде елімізде синтетикалық есірткі тәркілеу көлемі 10 есе артқан, деп хабарлайды 24KZ.

Мәселен, 2021 жылы бұл көрсеткіш шамамен 100 келі көлемінде еді. «Бұлай жалғаса берсе, болашағымыз бұлыңғыр болады. Өйткені еліткіш заттар интернетте қолжетімді бағамен сатылып жатыр», – деді Үкіметке сауал жолдаған Сенат депутаты Геннадий Шиповских.

Айта кетейік, елімізде есірткі таратқан мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Құрметті, Олжас Абайұлы, мемлекет болып, қоғам болып, кешегі Мағжан сенген жастарды тәрбиелеп шығаруға бағытталған түрлі жобалар мен шаралар жүзеге асып жатыр. Десе де сол жастарды қазіргі синтетикалық есірткіні тұтынудан сақтай алмай отырмыз. Есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей ҚР Президентіне бағынышты арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Осы секілді мекемелер халықаралық тәжірибеде Аргентина мен Ресейде бар.