Елде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды
Осы кезеңде Отан алдындағы борышын өтеуге 20 мыңнан астам бозбала аттанады деп жоспарланған.
Оның 9 мыңы Қарулы Күштер қатарын толықтырады. Қалғаны Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінде мерзімді борышын өтейтін болады. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, қазір әскерге шақырылушылардың жарамдылығы да автоматты жүйе арқылы анықталады. Яғни барлық медициналық жазбалар электронды форматта сақталады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған маңызды шара, дейді министрлік өкілдері. Қазір бұл жоба пилоттық режимде Астана қаласында іске қосылған.
Фархат Айдарбаев, ҚР Қорғаныс министрлігі департамент бастығының орынбасары:
- Қазір Алматы аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының базасында жергілікті әкімдікпен бірлесіп медициналық тексеріс жүргізу ісін автоматтандыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жастарды толық тексеру үшін олардың құмар ойындарға деген қызығушылығын білу, кредиттік берешектері мен отбасылық жағдайы жөнінде деректерді алу ісі пысықталып жатыр.