«Қайырымдылық керуені» акциясы аясында астаналық екі отбасы үйлі болды
«Қайырымдылық керуені» акциясы аясында астаналық екі отбасы баспаналы болды.
Республикалық іс шара Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өтті. Осылайша бірлік пен достықты, ынтымақ пен татулықты насихаттайтын дәстүрлі жоба жыл бойы жалғаспақ. Көп балалы жанұя мүшелерінің қуанышына әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан да куә болып қайтты.
Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі Бердияровтар отбасы. Отасқанына 18 жыл толған жанұяда сегіз бала тәрбиеленіп жатыр. 2 күн бұрын кенжесі дүние есігін ашқан. Енді міне, 8 жылдан бері пәтер жалдап келген жандардың қуанышы еселенді.
Дәулет Бердияров, қала тұрғыны:
- Бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрдық 5 жыл. Семья үлкейіп жатқаннан кейін екінші бөлмесін жалдап тұрып жатырмыз. Кеше бұл бала Шахназар деп қойылды аты. Атасы қойды. Шахназар өзінің несібесімен келіп тұр екен. Алла разы болсын.
Сонымен қатар жалғыз ілікті ана Мейрамгүл Шыңғысбаеваға да 1 бөлмелі пәтер кілті табысталды. Қайырымдылық жомарт жандардың демеушілігімен "Алғыс айту" күнінде әдейі ұйымдастырылды.
Акбаржон Исмаилов, ҚХА төрағасының орынбасары:
- Қазақтың қасиетті жерінде туып өстім. Тұрып жатырмын. Әрқашан мақтан тұтамын. Сол балалардың мектепте өте жақсы оқып, марапаттарын көрген кезде өзім солай ниеттенгенмін. Алла біреуге жақсылықты біз арқылы берсе бұл да бір шүкіршілік қой.
Марат Әзілханов, ҚХА төрағасының орынбасары:
- Қазақстан халқы ассамблеясы бүгін өңірлерде, Астанада 250-ден астам әр түрлі форматта іс шаралар өткізіп жатыр. Жалпы бұл іс шаралардың басты мағынасы бауырлық сезімді ояту, жүрегіндегі әр адамға деген махаббатты, кішкене жылы сезімді білдіру.
Республикалық акцияда этносаралық бірлікті нығайту мақсатында «Шаңырақ» шығармашылық байқауы да басталды. Қатысушылар еліміздің әр аймағынан авторлық бейнеролик түсіріп, бақ сынай алады.
Данияр Қадыров, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- «Сегіз қырлы бір сырлы» дейді ғой. Сегіз қырлы болғанда осы Қазақстандағы барлық этностардың өнерін көрсетіп, соны дәріптейді. Ал бір сырлы дегеніміз ол біздің бірлігіміз, татулығымыз. Бір-бірімізге деген кішіпейілдігіміз.
Осылайша телекөпір арқылы еліміздегі барлық Достық үйінде «Қайырымдылық керуені» жарияланды. Айта кетейік, республикалық акция 9 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Былтыр мұқтаж отбасыларға 2 миллиард теңгенің көмегі көрсетілді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Жандос Битабаров