Ақтөбе облысында әжелер ансамблі «Халық» атағын алды
Ақтөбе облысында ауылдан шыққан әжелер ансамблі «Халық» атағына қол жеткізді.
Қала іргесіндегі Қурайлы мәдениет үйінің «Зере» ансамблі көрермендерін таңғалдырудан тынған емес. Ақжаулықты аналар көптің сұрауымен облысты бірнеше мәрте аралап шыққан.
Дәмелі Жанасаева 40 жылдай ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Оқушыларды ән әлеміне жетелеп, өнерге баулудан еш шаршаған емес. Зейнет жасына жетсе де сахнадан алыстамады. Ауылдағы мәдениет үйінде «Зере» әжелер ансаблін құруға атсалысып, алғашқы көркемдік жетекшісі атанды.
Дәмелі Жанасаева, «Зере» халықтық ансамблінің әншісі:
- Мына мәдениет үйі біздер үшін екінші үйіміз. Келмесек сағынамыз. Келіп қауқылдасып әңгімемізді айтып, мерекелік әндерімізді айтып уақытымызды солай көңілді өткіземіз.
Ансабль репертуарында қазір 40-тан астам ән бар. Абайдың әуезді туындыларынан бастап, Шәмшінің вальстерін орындап жүр. Әсіресе халық әндерін әуелеткенде құлақтың құрышын қандырады.
Қазір «Зере» ансамблі құрамында 9 әжей бар. Алды сексенге таяған ақжаулықты аналардың өнер жолында жүргеніне 7 жылдан асыпты. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген ауыл өнерпаздары «Халықтық» атаққа да қол жеткізді.
Лиза Бақыт, Қурайлы мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі:
- Халықтық атақты біз қалай алдық? Осы конкурстардың нәтижесінде, әр жылғы еңбектің нәтижесінде өздерінің бойларындағы өнерімен, өнегесімен тек отбасы-ошаққасы қалып қоймай осындай біздің мәдениет үйінің бір бетке ұстар айнасы бұл кісілер.
Әжелер ансаблі халықаралық деңгейдегі байқауларға да қатысуға ниетті. Алайда өнерлі жандар арасындағы сайыстардың бәріне бірдей қатыса алмайды. Себебі ұйымдастырушылар қатысушылардың жас шамасына қарап шектеу қояды. Сондықтан «Зере» халықтық ансаблі әзірге ел ішін аралап, концерт берумен шектеліп жүр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков