Көлік жуатын орындарда су үнемделмей жатыр
Шығыс Қазақстан облысында көлік жуатын орындарда суды қайта өңдеу жүйесі жоқ, деп хабарлайды 24KZ.
Жергілікті экологтар осылай деп дабыл қақты.
Табиғат жанашырлары көлік жуатын орындарды аралап, кәсіпкерлерге су үнемдеудің маңыздылығын түсіндірді. Халықаралық зерттеулер 10-15 жылдан кейін Қазақстанда су тапшылығы туындауы мүмкін деп болжайды.
Өскемендегі көлік жуу орындарының көбі суды орталықтандырылған су жүйесінен алады. Таңнан кешке дейін сарылдап аққан судың есебі жоқ. Оның үстіне еліміздегі ең арзан тариф те осында. Текше метріне 273 теңге төлейді. Бір жеңіл автокөлікті жууға 250 литр су кетсе, жүк көлігіне 700 литр су пайдаланылады. Су ресурстары министрлігінің сарапшылары 1 жыл ішінде 100 млн текше метр судың ысырап екенін айтады.
Көлік жуу орталықтарының иелері де табиғат жанашырларының пікірімен келіседі. Бірақ кәсіп иелері экологиялық жағынан таза болғанымен, қымбат жобаға қаржы салудан қорқады.
Сергей Тютеньков, кәсіпкер:
- Пайдаланылған суды қайта тазарту қондырғысының бағасы 25-тен 34 млн теңгеге дейін барады. Ал оның құны 6 жылда қайтады екен. Бұл, әрине, тиімсіз. Бізге «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие берілсе, онда жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік те болады.
Дегенмен Сергей Тютеньков суды үнемдеудің жолын тапқан. Ол көлік жуу орталығының жанынан қазылған ұңғымадан жерасты суын сорып, оны арнайы құрылғы арқылы тазартып отыр.
Қазір қаладағы жүргізушілер арнайы орында көлікті өзі жууға үйрене бастады. Мұндай орталықтардың саны да артқан. Сөйтіп, суды үнемдеуге де мүмкіндік туған. Өйткені көлік иелері темір тұлпарын тез жууға тырысады.
Аслан Мұхтарханов, қала тұрғыны:
- Ақшаңызға қарай уақыт береді. Сол уақытта үлгеріп, жуып алуға тырысамыз. Ең бастысы, үнемді. Көлігімді жуып алуға 500 теңге жетеді.
Қалалық су арнасының мамандары да жағдайды үнемі бақылап отырады. Қазір шаһарда судың шығыны көп емес, – дейді. Кәсіпорындар суды қайта өңдеу жүйесін іске қосқан. Соның нәтижесінде тұтыну көлемі де азайыпты.
Наталья Лукерина, қалалық су арнасы өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы:
- Су тұтыну бойынша заңбұзушылық болған жоқ. Қала тәулігіне 100-110 мың текше метр тіршілік нәрін пайдаланады. Қалада су қорын жинайтын 10 нысан бар.
Дегенмен су қоры таусылуы мүмкін. БҰҰ сарапшылары елімізге көрші елдерден келетін су көлемінің 26%-ке азайғанын айтады. Бұған табиғи жағдайлар мен өндіріс және ауыл шаруашылығы саласының кең өріс жаюы себеп. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі суды үнемді пайдаланудың жаңа жобасын әзірледі. Судың да сұрауы барын ескерсек, тіршілік нәрін тиімді пайдалану – баршаға ортақ міндет.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.