Алматыда жер сілкінген кезде дәрігерлер ерлігімен ерекшеленді

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде дәрігерлер ерекше ерлігімен көзге түсті.

Кардиология ғылыми-зерттеу институтының хирургтары төтенше жағдайға қарамастан ауыр жағдайдағы науқасқа операция жасауды тоқтатпаған. Күніне 13-15 рет күрделі ота жасайтын орында,.. ауруы асқынған азаматтар ем алады. Сондай екі сағаттық операцияның бірі дүйсенбі таңғы 10-да басталып, бел ортасына жеткенде жер сілкінді. Гиппократ антына адал ақ халаттылар, абдырап қалмай, науқастың өмірі үшін күресті жалғастыра берген.

Марат Пашимов, кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:

"Өте ауыр науқас болды. Астана қаласының кардиолог дәрігерімен бірге осы науқасты бір апта дайындағанбыз. Осы операцияны осы дүйсенбі күнге жоспарлағанбыз. Сосын мынадай жағдай болғаннан кейін біздің дәрігерлер шешім қабылдады. Операция тоқтатпаймыз. Ауру үшін операция жасаймыз. Осы қазіргі жағдайға дейін науқастың жағдайы бір қалыпты. Операция жақсы аяқталды. Науқастың жағдайы бірқалыпты."