Қазалы ауданында 12 мың адам жер кезегінде тұр
Қызылорда облысы Қазалы ауданында 12 мың адам жер кезегінде тұр.
15 жыл бұрын өтініш жазып, әлі күтіп жүргендер бар. Мәселе қалай шешіледі?
Қуаныш Елубаев 2006 жылы жер кезегіне тұрған. 14 жылдан кейін өзіне тиесілі телімін алып, үй салуға дайындықты бастады. Айтуынша, жер бөлінген аумақтарға инженерлік-коммуникациялық желілер уақытылы жүргізілмейді. Салдарынан, тұрғындар қиындық көреді.
Қуаныш Елубаев, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
- Мүмкіншілігі болса тездеткен дұрыс қой. Халыққа жер берсе, халық істейді, салады өздері. Соған енді қаражат жетпей ме, айтқандай бірінші светін, газын, суын жүргізу керек. Содан кейін берсе тез болар еді. Үйлер салынып, ашық тұрған жерлер әдемі болып қалар еді.
Әлия Дәулетәлиева, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
- 2015 жылы балаларымызды, қыздарымызды жерге кезекке тұрғызып қойдық. Бірақ қазір қала мен екі ортадан дайындалып жатыр жердің бәрі. Оны да күтудеміз.
Аудан орталығы жыл өткен сайын кеңейіп жатыр. Жаңа шағынаудан көбейді. Шалғай елді мекендерден Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласына қоныс аударушылар қатары артты.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Әйтеке би кентінде 10-15 жылдан бері жер кезегін күтіп жүрген жандар бар. Олардың жалпы саны 12 мыңнан асады. Бұл мәселені шешу үшін алдағы уақытта 600 гектар жерді инженерлік-инфрақұрылыммен қамту жоспарланған.
Мейрамбек Шермағанбет, Қазалы ауданының әкімі:
- Жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Қазіргі кезде тиісті министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылды. Қаржысы күтілуде.
Бұл жоба жүзеге асқаннан кейін 4 мыңдай адамға жер телімі үлестіріледі. Мұнан бөлек Қазалы қаласындағы 180 гектар аумақтағы 400-дей тұрғын үйге ауыз су желісін тарту жоспарда, дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев