Оралда аналар форумы өтті
Орал қаласында аналар форумы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Жиынға әр ауданнан 100-ден аса қыз-келіншек қатысты. Басқосуда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, бала тәрбиесі төңірегіндегі мәселелер талқыланды. Балалардың оқуға деген ынтасының болмауы да ата-анаға тікелей байланысты. Өйткені әке-шешесінің кітап оқып жүргенін күнде көре бермейді. Жиын барысында Аналар кеңесінің мүшелері осындай байламға келді.
Форум аясында қатысушыларға арналған шеберлік сағаттары мен тренингтер де өткізілді. Қазір өңірде 157 аналар кеңесі бар. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ көпбалалы аналар қоғамдық жұмыстармен белсене айналысып жүр.
Толқын Саимова, Қаратөбе ауданының тұрғыны:
- Біз Пушкин мен Гогольдің, Лермонтовтың шығармаларын оқып өстік. Бүгінгі жас аналар да балаларын кітап оқуға үйретуі керек. Кітаптың берері көп.
Фарида Сүлейменова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Біз секцияның бірін интернетке тәуелділіктің алдын алу мәселесіне арнадық. Әке-шеше мен ата-әже жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені балалар ата-ананың істегенін қайталайды. Өкінішке қарай, қазір көбі жұмыстан кейін балаларға уақыт бөлмейді. Менің ойымша, балалар үшін олармен көбірек уақыт өткізу маңызды.