Қарағанды облысында аналар алтыннан алқа тақты
Президент Жарлығымен Қарағанды облысында көпбалалы 8 ана «Алтын алқа», 39 ана «Күміс алқа» иегері атанды, деп хабарлайды 24KZ.
Мерекелік жиынға әр салада жемісті еңбек етіп жүрген әйелдер қатысты. Ұстаздар, дәрігерлер, өнер иелері, кәсіпкерлер мен спортшылар бар. Биыл Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның құрылғанына 25 жыл. Осыған орай Президент аймақтағы әйелдерге құттықтау хат жолдады.
Жалпы өңірде бизнеспен айналысып жүрген көпбалалы ана көбейіп келеді. Солардың бірі – Зәкира Бақторазова. Табиғи шикізаттан кондитерлік өнім жасайды. Басында шағын цех ашып, кейін кәсібін кеңейтті. 7 баланың анасы бүгін «Алтын алқа» тақты.
Зәкира Бақторазова, «Алтын алқа» иегері:
- Осы Халықаралық әйелдер мерекесімен осындағы бүкіл қазақ елінің аналарын, аруларын, қыздарын көктемнің мерекесімен құттықтаймын. Дендеріне саулық тілеймін, осылай еліміздің үлкен тұлғаларын тәрбиелеп, өсіре берсін дегім келеді.
Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
- Аналардың мерекесі – ол өмірдегі ең ізгі мерекенің бірі. Бәріміз жақсы білеміз. Себебі ана – әрбір адам үшін ең аяулы, ең ардақты жан. Дүниеде анадан қымбат, анадан асыл жан жоқ, – деп айтуға рұқсат етіңіздер.