Волонтерлер Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл екті
Жүзге жуық волонтер Арал теңізінің құрғаған табанына 5 мың түп сексеуіл екті, деп хабарлайды 24KZ.
Жастар елдің бірнеше өңірінен жиналды. Сонау АҚШ-тан келген студенттер де экоакцияға үлес қосты. Шөлге төзімді өсімдіктің тұқымын алдағы уақытта әуеден себу жоспарланып отыр.
Каролина Соломен АҚШ-тағы университеттердің бірінде экологиялық экономика мамандығына оқып жүр. Ол Алматыдағы Қазақ ұлттық университетіне тәжіребие алмасуға келген. Аралда өтетін экологиялық акция туралы естіген бойда еріктілер сапына қосылдым, – дейді.
Каролина Соломен, студент:
- Арал теңізі туралы мәліметтермен бұған дейін мектеп қабырғасында, жоғарғы оқу орнында аз-кем танысқанмын. Бірақ көзбен көргенге жетпейді ғой. Мұнда ауқымды шаралар қолға алынған. Соның бірі құм мен тұздың көшуін тоқтатуға бағытталып отыр.
Айгүл Қоқайева, волонтер:
- Жыл сайын осындай акция арқылы үлес қоссақ, оның жемісін көре аламыз. Сексеуілді көшеттеп ексе, шығымдылығы 85% болатынын білдім.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Сексеуіл көшетінің тамыры 20-25 сантиметр тереңдікке салынады және оны суарудың қажеті жоқ. Осындай бір түп сексеуіл 4 тоннаға дейін құмның көшуіне тосқауыл болады екен.
Теңіздің Қазақстан бөлігіндегі құрғаған табаны бүгінде жасыл желекке айналып келеді. Сонау 90-шы жылдардан бері қызылордалық орманшылар 380 мың гектар жердің тіршілігін түлетті. 2021 жылдан бастап Президент тапсырмасымен 1,1 миллион гектарға сексеуіл егу межеленген еді. Оның 545 мың гектарына егілді. Өсімдіктің көшеті егіледі немесе тұқымын себеді.
Әліби Ғазизұлы, «Орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК бас директоры:
- Бірақ тұқыммен отырғызғанда көлемін мол істей аламыз. Оның да біз жемісін көріп отырмыз. Яғни, шығып жатыр. Істеген жұмыстардың шығымдылығын көрдік, шығымдылығы 25-27%-ке дейін барған.
Қазақстан Аралдың құрғаған табанына әуеден тұқым себу тәжірибесін қолдануы мүмкін. Мұндай жоспарды еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен орманшылар қауымы зерделеп жатыр. Тәжірибе көршіміз Өзбекстанда бірер жыл бұрын енгізілген. Жалпы Өзбекстан 2030 жылға қарай Арал қайраңының 78%-ін жасыл-желекке айналдыруды көздеп отыр.
Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
- Біздің тарапта егілген жасыл-желектің биіктігі 2 метрге дейін жетті. Нәтижесінде шаң-тозаңның әуеге көтерілу процесі азайып келеді. Енді сол аумақтарды жайылымға айналдыруды көздеп отырмыз. Шаруашылыққа жайлы жағдай жасалатын болады. Малға азық саналатын өсімдіктер егіледі.
Қайрат Өстеміров, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі:
- Биыл біздің мемлекет Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Соның барысында Аралдың экологиялық ахуалын жақсартуға көп күш жұмсалатын болады. Әрине, бұл – әлемдік проблема. Бұл жерден көтерілген тұз Еуропаға дейін жетіп жатыр. Ол таулы аймақтарда мұздықтардың еруіне де әсер етіп отыр. Екі елдің осы саладағы әріптестігінің келешегі зор.
Арал атырабының жалпы аумағы 6 млн гектарға тең десек, соның жартысынан көбі Өзбекстан жерінде. «Теңіз табанынан ұшқан шаңды тұзды тоқтатудың ең тиімді әдісі – орман өсіру», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Рауан Мыңбаев, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.