Қараоба ауылында қызғалдақ гүлдеді

Қары сіресіп жатқан Қараоба ауылында қызғалдақ гүлдеді.

Бұл қысы қытымыр Павлодар облысындағы шағын ғана елді мекен. Осындағы жас кәсіпкер қызғалдақ өсіретін жылыжай ашқан. Қазір алақандай  300 шаршы метр жерге гүлдің 19 түрін жайқалтып өсіріп отыр.

Қаңтарда отырғызылған көшеттер  қазір гүлдеп жатыр. Жылыжайда жұмыс қыза түсті. Күніне 3 мың дана гүл шоғын қиып, орап үлгеру керек. Мереке күндері жақындаған сайын гүлге сұраныс артқан. Қызғалдақ өсірудің қыр-сырын ауыл адамдары да меңгере бастапты.    

Роза Жалмағамбетова, Қараоба ауылының тұрғыны:

- Жұмыс жоқ деп отыратынбыз, енді жұмыс бар міне. Алдында міне гүл егуге шықтық. Одан міне жинап жатырмыз. Үйрендік бәріне мына жинауын да,  аттарын да, қалай жазуында үйреніп алдық.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Қазақ даласында қызғалдақтың отыздан астам түрі кездеседі екен. Олар түр-түсіне қарап әр түрге бөлінеді. Ал өндірістік мақсатта мынандай нидерландтық сұрпы өсіріледі. Бұл жерде бәрі қарапайым, кәдімгі ертістің жағасынан алынған құм араласқан топырақ, қолда бар материалдан жасалған мынандай гүлдестелер. Ең бастысы қолайлы микроклимат қалыптасқан. Соның нәтижесінде мінекей мынандай әдемі көрініске куә болып тұрмыз

Махмұт Тұрсын үш жыл бұрын Павлодардан өзі туып өскен Қараоба ауылына қоныс аударыпты. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, мал шаруашылығымен айналысады. Қызғалдақ өсіру жобасын дос қызымен бірге қолға алған. Бизнес серіктестер бұл саланы маусымдық жұмыс ретінде қарастырыпты. 

Махмұт Тұрсын, кәсіпкер:

- Әдейі жасалған күтімді қажет етпейді, яғни өзіміздің қарапайым ауылдың жері, ауылдың суы, осыдан нәр алып, осы ауамен демалып, тыныс алып өсе беретін гүл. Шетелден әкелмей өз елімізде осындай керемет өнімді шығаруға болатынын дәлелдегіміз келді. Сұраныс негізі өте көп. Еліміздің түкпір-түкпірінен. Бүгінгі таңда Астана, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтау, Атырауға дейін гүлдерімізді сатып жатырмыз.

Шолпан Байдилдина, Қараоба ауылдық округінің әкімі:

- Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп жатқанын біздің ауылдың жастары сезініп жатыр. Оған дәлел бүгінгі біздің Махмұт қызғалдақ өсіріп отырған. Мен бүгінгі күнге қуанарлық бір жағдай, білімді жастар ауылға келіп кәсібін ашып, елдің экономикасын көтеруге жағдай жасап отыр. Соған атсалысып жатыр.

Махмұт Тұрсынның жасы небәрі 25-те. Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетін айти мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған. Жас кәсіпкер келешекте кәсібін кеңейтіп, ауылдық жерде гүл ғана емес көкөніс өсіретін жылыжай кешендерін ашуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков