Өскеменде заңсыз жолаушы тасымалымен күрес басталды

Өскеменде заңсыз жолаушылар тасымалымен күрес басталды.

Әсіресе халықаралық рейстерге баратындар такси тұрағын өз игілігіне пайдалануды әдетке айналдырған. Қазір Ресейдің Новосібір және Барнаул қалаларына шағын автобустар күнделікті қатынайды. Оларға полиция және өңірлік көлік инспекциясы тосқауыл қоймақ. Себебі көліктері коммерциялық мақсатта пайдалануға келмейді және алыс жолдарға сапарға шығуға арналмаған. Мәселенің мән-жайын тілшіміз біліп қайтты.

Полицейлер заңсыз тасымалдаушыларды тасада тұрып, тап беруге мәжбүр. Өкінішке қарай лицензиясы жоқ таксишілерді қолға түсірудің бірден-бір жолы осы. Оған қоса жедел уәкілдерге жеткілікті дәлел-дәйектеме қорын жинақтау үшін тасымалдаушылардың жолаушыларды мінгізіп жатқан сәтін түсіріп алу маңызды. Дегенмен мұның бәрі бір сәтте ғайып болуы мүмкін. Көлеңкелі бизнеспен айналысушылар жол бойына сыбайластарын қойып, жолаушыларды өздерін қорғауға үгіттейді екен.

- Здравствуйте, уважаемые пассажиры, далеко путь держите?

- В Барнаул с каким визитом?

- На свадьбу.

Мына туристер тобы тойға бара жатырмыз деп өздерін таныстырған. Қалай дегенмен ресейлік таксишілердің айтар жауабы бір. Олардың қазақстандық полиция мен көлік инспекциясы өкілдерін бір түрлі менсінбеу байқалады.

Я тебе отвечу так остановка делается не на дороге не не проезжей части. Я как просто людей вожу вы ответили сами на свой вопрос это не такси не перевозка.

Андрей Ларионов, ПД Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Олар неше түрлі қулық әрекетке барады. Тіпті сөздеріне қарап, өз бағыттарын, билеттерін алдын-ала жоспарлап қоятынын білуге болады. Жолаушылармен сөйлесіп, бір-біріне «туыспыз» деп айтқызып қояды.

Осылайша жолаушылар өз өмірін қатерге тігіп, жолға шығуға мәжбүр. Қауіпсіздікке бей-жай қараған таксиші жалғыз өзі 500 шақырым жүріп өтеді.

Марат Есмұқанов, көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:

- Бұның барлығы жолда жүру қауіпсіздігі мен саланың дамуына әсер етеді. Көлікті бақылау кезінде жолаушылар бұл істің коммерцияға қайшы келетітін түсінуі керек.

Заң бойынша тасымалдау қызметінің талаптары көп. Жүргізуші күнделікті медициналық тексеруден өтіп, жолаушылар мен жүктерге құжат беретін ережелерге сүйенуі тиіс. Қазір Өскеменнен Ресейге үш бағыт бойынша автобус қатынайды. Коронавирус пандемиясынан кейін халықаралық бағыт қайта жанданды. Ал заңды түрде жұмыс істейтін тасымалдаушыларға биыл қомақты қолдау жасалады. Облысаралық бағыттар үшін 350 млн теңге субсидия бөлінеді. Мамыр айында Ресейге әуеп қатынасы ретке келтіріледі деп жоспарланған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин