70-тен астам әйел Астананың тазалығына жауапты
«Астана – әсем қала» деп мақтанамыз. Ал осы қаланың көркін келістіріп, гүлдей құлпыртып отырған кімдер?
Иә, таңның атысы, күннің батысы тыным таппай, еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің де үлесі – бұл.
Қаланың тазалығына 130 адам жауапты. Оның ішінде 70-тен астамы әйел. Қақаған қыста күннің суығына қарамайды. Жаздың аптабына да шыдайды. Бастысы қаланың тұрғындары, қонақтары оларға риза.
Иә. Жұмыстың жеңілі жоқ. Ал бұл қызметтің өзгеден айырмашылығы, жұмысшылар жұрт тыныш ұйқыда жатқанда таң алагеуімнен көше тазалауға шығады.
Жандос Мыңбаев, «Астана Тазалық» ЖШС шебері:
- Біздер екі ауысыммен жұмыс істейміз. 6-дан 3-ке дейін, 8-ден 5-ке дейін. Қазіргі уақытта бір ауысыммен жұмыс істеп жүрміз. Қаладағы жұмысқа ауылдан адамдар таңғы сағат 3-тен шығып келеді.
Қаланы қардан тазартып жүргендер де – осы қыз-келіншектер. Қоқыс жинаушылар да – осылар. Мұның сыртында тал суғарып, гүл де егеді.
Астананың тазалығы осы қыз-келіншектердің мойнында. Бір тобы демалуға кеткенде екінші тобы олардың орнын басады. Өйткені тазалық жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Ал олардың еңбегін бағлау – сіз бен біздің парызымыз. Көшеге артық қоқыс тасталмаса, бұл арулардың да жұмысы жеңіл болмақ.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Мадияр Қындыбаев.