Астана жастары әйелдер қауымына қызғалдақ сыйлады
Елордамыздың белсенді жастары нәзік жандыларға тосын сый жасады.
Олар қала көшелерінде қыз-келіншектерге мыңнан астам қызғалдақ сыйлап, көктеммен бірге келетін төл мерекелерімен құттықтады. «Көктем шуағы» деп аталатын акцияға 50-ге жуық ерікті қатысып, аруларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Көктемнің көрікті мерекесінде ешбір нәзік жан елеусіз қалмауы тиіс. Оларға титтей болсын қуаныш сыйлауды қалаған өрендер қоғамдық орындарға барып, аналар мен аруларға арнап қызғалдақ гүлін тарту етті. Тосын сыйға кенелген әйелдер қауымы жастарға алғыс айтып, ризашылық сезімін білдірді.
Жаңагүл Жабағина, Астана қаласының тұрғыны:
- Балаларға рахмет, көп жасасын. Иә, көңіліміз көтеріліп қалды. Іске сәт, бүгін келе жатқан әйелдер мерекесі құтты болсын. Барлықтарыңызды халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын.
Аяулым Нұрғали, Астана қаласының тұрғыны:
- Мен жаңа келе жатқанда балаларды көрдім де қте қызық болды не болып жатқаны, сосын қасыма келді де гүл сыйлады. Және шоколад берді, өте ризамын. Енді менің жұмысым сәтті болып, қуанышта өтеді.
Бірнеше жыл бойы тіні үзілмей келе жатқан шара биыл да жалғасын тауып, белсенді жастар барша аналар мен бұрымдыларды құттықтады. Ал кішкентай бүлдіршіндерге еріктілердің дайындаған тәтті сыйлықтары болды.
Ерасыл Төленді, волонтер:
- Бүгін сегізінші наурыз халықаралық әйелдер күніне орай гүл сыйла акциясы іске асырылуда. Оған Астана жастары үлес қосуда. Біздің басты мақсатымыз – елордамыздың нәзік жандыларына көңіл күй сыйлау және мерекемен құттықтау.
Көктем шуағы акциясы «Астана жастары» ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. «Өнегелі шараның өрендер үшін нәзік жандыларға мейірім мен құрметпен қарауды үйретуде маңызы зор», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Қуандық Танабас, Нұрғали Мамырбаев