Мергендікті меңгерген ару
Ел тарихында садақ пен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендеріміз көп болған.
Батырларымыз ол заманда мергендіктерін тек саятшылық пен жаугершілікте сынаған. Қазір бұл спорт түріне айналды. Әлемдік додалар да көп. Бірақ қазақы болмысымызға тән дәстүрлі садақ атудың федерациясы 2019 жылы ресми тіркеліп, жұмыс істей бастады. Ер балалардан бөлек, садақ атып, жебе тартқан аруларымыздың қатары артып келеді.
Дәстүрлі садақ ату қазақтың қанына сіңген өнер. Жебені көздеп деттеген жеріне жеткізу өткір көз бен қуатты қол, сондай-ақ жүйкенің мықтылығын талап етеді. Осы қасиеттерді бойына жинап, талай доданың алды болып жүргендердің бірі - Анжела Тарыца. Ол былтырғы ел чемпионатында алтыннан алқа тақты. Кипрда өткен халықаралық турнирде қарсылас шыдатпай, жеңіс тұғырынан көрінді.
Анжела Тарыца, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі:
- Менің әкем -румынь, анам - қазақ. Дәстүрлі садақ атумен 2018 жылдан айналысамын. Бұл спортқа келуім қызық болды. Сол жылы елімізде түрік компаниясы 3 айлық дәстүрлі садақ ату үйірмесін ашты. Мергендер арасында сайыс ұйымдастырылды. Осыдан кейін садақ атуға қызығушылығым арта түсті.
Бүгінде елімізде дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып жүргендердің қатары 10 мыңға жуықтап қалған көрінеді. Бұған Анжеланың да қосқан үлесі зор. Себебі мерген қыз шеберлігін шыңдап қана қоймай, қазір шәкірт баулып жүр.
Анжела Тарыца, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі:
- Бұл спорт жалпы кез келген жастағы адамдарға ынғайлы. Мысалы бізде 6-7 жастан бастап айналысып жүрген балалар бар. Әйел адамдар, ер адамдар бар. Тіпті 60-70 жастағы ағаларымыз да бар. Құралайды көзге атқан мергендерді тәрбиелеу оңай емес. Садақ ату спорты жастардың рухын көтеріп, жігерін жаниды. Әрі дененің сымбатты болуына ықпал етеді. Адамның назары мен қабілет-қарымы бір арнаға тоғысқанда ғана жебе нысанаға дәл тиеді.
Күзге салым елімізде 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Бұл спорттың өзге спортқа қарағанда бәсі биік. Дүбірлі додада алтынға үміт бар. Бұрымды қыз Анжела бұл бәсекеде бақ сынауға ниетті.
Айым Тілепберген, республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы вице-президентінің кеңесшісі:
- Дүниежүзілік көшпенділер ойыны биыл Астанаға қаласында өтеді. Және оған дайындық қарқынды басталып кетті. Дәл қазіргі таңда Малайзияның Куала-Лумпур қаласында ҚР командасының бір бөлігі оқу жаттығу жиынында. Сол жерден 8 наурыз күні қайтып келеді. Ол жерге қазір 18 адам қатысып жатыр жиынға. Жалпы құрамада қазіргі таңда 36 адам. 36 адамның тек 10 спортшысы ғана дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысады.
5-ші рет жалауы желбірейтін көшпенділер ойынына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Намыс пен шеберлік сынға түсетін байрақты бәсеке еліміз үшін аса маңызды. Дәстүрлі садақ атудан 21 медаль сарапқа салынады. Алтынның жолында ару қыздарымыз аянып қалмас.
Авторлары: Әлішер Әли, Өрден Жарқын