Қостанай облысында елді мекендерді су басу қаупі бар
Қостанай облысында 89 елді мекенге қауіп бар.
Әсіресе Қарасу ауданында жағдай күрделі. Мұнда былтыр төрт ауылға су кірген. Биыл тағы қайталануы ықтимал.
Мамандар қардың қалыңдығына, ылғалдың молдығына байланысты осындай болжам жасап отыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қостанай облысында биыл су басу қаупі бар елді мекендердің бірі, мынау менің ту сыртымдағы Қарасу ауданына қарасты Қарамырза ауылы. Ауыл Түнтүгір өзеніне жақын орналасқан. Елді мекен ойпаң жерде болғандықтан, сырттан келетін ағынды сулардың бәрі осы жерде келіп, тоғысады. Сондықтан биылда өзен арнасынан асып, елді мекендегі қырық шақты үйді су басуы мүмкін-дейді мамандар.
Динара Тұрсынбаева, Қарасу ауданы әкімінің орынбасары:
- Биыл былтырға қарағанда ылғал мөлшері екі есе көп. Қарамырза ауылының айналасында үш өзен бар. Олар суға толы. Негізгі қауіп төндіретін Түнтүгір өзені. Егер қар күрт ерісе, судың ауылға жайылудан басқа барар жолы жоқ.
Қарамырза ауылын алты жыл қатарынан су басып келеді. Әсіресе 2017 жылы тасқын қатты болды. Одан кейінгі кезеңдерде өзенге тақау 39 үйге су кіруі үйреншікті құбылысқа айналды.
Бағыт Жантұрсынов, Қарамырза ауылының тұрғыны:
- Былай кіреді үйге, бес сантиметр. Малды шығарып жібереміз. Базға жібереміз Жылқыларды жібереміз қырға. Сол кетеміз школға.
- Басқа жерден үй салып береміз десе, көшесіздер ме?
- Жоқ.
- Неге?
- Мал ұстайтын жер, жақсы.
Атқарушы билік қарап отыру деуге келмес. Өзеннің әр тұсынан арықтар қазып, су бағытын сыртқа бұруға тырысып жатыр. Бірақ оның бәрі нөпір суға тосқауыл болуы екіталай.
Марина Ағайдарова, Қарамырза ауылдық округінің әкімі:
- Келетін су көлемі үлкен. Ол өзенмен ғана емес, алқаптардан осы жаққа ағады. Оның үстіне бізді үш өзен қоршап тұр. Бұрын су айдынының жоғарғы арнасында бірнеше бөгет болатын. Шаруашылықтар суды өз қажеттілігіне пайдаланатын. Қазір ол елді мекендер жоқ.
Әдетте бұл жақта су тасқыны сәуірдің алғашқы он күндігінде басталады. Осы ретте эвакуациялық пункт дайын тұр. Төсек орын, ас-суы, гигиеналық заттар жеткізілген. Мұндағы орын 150 адамға есептелген.
Марина Ағайдарова, Қарамырза ауылдық округінің әкімі:
- Былтырдың есебімен алсақ, бұл жерге шамамен отыз шақты адам келеді. Қалғандары туыс-туғандарын паналайды. Орталық асханада олар тегін тамақтанады. Жергілікті серіктестікпен меморандум жасағанбыз. Су басқан үйлердің малын уақытша өз фермасында ұстап, жем-шөппен қамтамасыз етеді.
Әкімдік өкілдері өзенге тақау 36 үйді су басудан аман алып қалу неғайбыл, дейді. Өзеннің ең төменгі нүктесі болғандықтан бөгет-тоғанмен тоқтату қиын. Бір ғана амалы, тұрғындарды ол жерден ауылдың жоғарғы жақ бетіне көшіру. Оларды үймен қамтасыз ету үшін 4 миллиард теңге қажет. Қазір жергілікті серіктестік бұл мәселені өз күшімен шешуге тырысып жатыр.
Берік Ағайдаров, серіктестік директорының орынбасары:
- Бұрынғы профилакторийді қайта жөндеп, бес пәтерлі үйге айналдырамыз. Одан кейін анау маңда, бір пәтерлі үйлерден, бүтін көше салып шықсақ дейміз. Қалаған адам жаңа баспанаға қоныстана алады.
Биыл Қарасу ауданында тасқынға қарсы іс-шараларға бюджеттен 20 миллион теңге қаралып отыр. Жұртты тасымалдайтын моторлы қайық алу да жоспарда бар.
Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров