Текелі қаласында 140 отбасы апатты үйлерден көшірілді
Жетісу облысы Текелі қаласында апатты үйдің тұрғындары көшіріліп жатыр.
Кейінгі екі жылда 140 отбасы мемлекет қаражатына алынған пәтерге қоныстанды.
Кенді шаһарда тағы алты көпқабатты үй апатты жағдайда тұр.
Людмила Калиткина отыз жылдан бері от жағады. Себебі өткен ғасырдың ортасында салынған үйдің жылыту жүйесі істен шыққан. Екі қабатты баспананың іргетасы үгітіліп, едені сықырлап тұр. Сондықтан жергілікті әкімдік тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 11 отбасыға пәтер берілді. Қоныс аудармаған ерлі-зайыпты зейнеткерлер ғана қалды.
Людмила Калиткина, Текелі қаласының тұрғыны:
- Бізге бесінші қабаттан пәтер ұсынды. Егде жастағы адам болғаннан кейін одан бас тарттық. Енді Наурыз айында қалалық әкімдіктегілер тағы да бірнеше пәтер сатып алады. Сол кезде бізге бірінші, екінші қабаттан баспана беріледі деп үміттеніп отырмыз.
Былтырғы жер сілкінісінен Айлер Бақытханқызы тұрған үйдің қабырғасына сызат түскен. Сондықтан ол мемлекеттен берілген баспанаға көшуге бірден келісімін берді. Бас амандығын ойлаған отбасы қазір қаланың орталығында әрі қауіпсіз үйде тұрады.
Айлер Бақытханқызы, Текелі қаласының тұрғыны:
- Балам сегізінші мектепте болатын. Автобуспен барып келіп қатынайтынбыз. Қазір центрға келгелі балам осы жерден барып келіп жүр. Мектеп қасымызда бәрі қолайлы. Кішігірім ремонты да бар тап-таза бәрі ұнайды өзімізге.
Өткен жылы Текелі қаласындағы 20 апатты үйдің алтауы сүрілген. Қалғаны биыл бұзылады.
Әлібек Талғатұлы, Текелі қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- 380,2 млн теңге облыстық бюджеттен бөлінді. 14 апатты үй. Алтауы бүгінгі күнге бос тұр. Енді сегізін көшіруге 28 пәтерге конкурс жарияланды.
Жетісу облысында 40 шақты үй апатты жағдайда деп танылған. Олардың басым бөлігі Текелі, Талдықорған қаласы мен Кербұлақ ауданында орналасқан. Ондағы 500 жүзден аса тұрғынды қаражат бөлінгеніне қарай кезең-кезеңмен басқа пәтерге көшіру жоспарланып отыр.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев