Рамазан – он екі айдың сұлтаны
Бүгін қасиетті Рамазан айы басталды.
Жамағат 30 күн бойы ауыз бекітіп, ораза тұтады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, ұлық ай 9 сәуірде аяқталады. Ораза айт мерекесі 10 сәуірде басталады. Қадір түні сәуірдің 5-інен 6-сына ауған түнге келіп тұр. Пітір садақа мөлшері 640 теңге деп белгіленген.
12 айдың сұлтаны - Рамазан. Берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры ұялайды. Өйткені ораза адамды тақуалыққа және жаман әдеттерден арылуға тәрбиелейді.
Ал Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы биылғы жылды дін саласы аясында "Ислам және дәстүр құндылығы жылы" деп жариялады.
Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти:
- Алла қаласа, биылғы оразаларымызда, халықпен бірге ауызашарда, жұма намаздарында, тарауих намаздарында уағыз айтып, бұйырса, осы бағытты насихаттаймыз деп ниеттеніп отырмыз.
Кәсіпкерлер Бас мүфтидің үндеуін қолдайды
Бас мүфти кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасаған еді. Қасиетті айда "Рамазан қоржыны", "Рамазан сыйы", "Рамазан тәттісі" және "Жомарт жұма" сынды қайырымдылық іс-шараларға үлес қосып, азық-түлік бағасын өсірмеуді сұраған. Қазір бұл игі іске, қатысып жатқан азамат көп.
Маржан Өтеген, наубайхана иесі:
- Әр жыл сайын Рамазан айын күтіп отырамыз. Әрине, басқаша, қолжетімді бағамен ерекше сеть ұйымдастырамыз. Бағаны өсіруге емес, керісінше, маркетинг жақтан, ассортимент жақтан көбейтуге кеңес беремін.
Ауыз бекіткен жан майлы тамақтан бас тартуы керек. Ұйықтар алдында 2 сағат бұрын тамақтанып алған жөн. Нутрициолог маманның кеңесін тыңдап көрейік.
Жанар Толысбаева, нутрициолог:
- Ауызашар кезінде жеңіл тамақтан бастау керек. Мысалы, майы аз сорпа ішуге болады. Аш қарынға майонез қосылған салат жеуге болмайды. Сәресіне ақуызы көп ас қабылдау қажет. Өйткені құнары көп тағам күшіңізді ұзаққа сақтайды.
Ораза күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі.
Мирлан Алтынбек, Қанат Махмұтов, Аружан Шуақбай