Жетісу облысында ақбөкен мүйізін сатпақ болғандар ұсталды
Жетісу облысында 1400-ге жуық ақбөкен мүйізін шекара асырмақ болғандар ұсталды.
Қылмыстық топ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мен Полиция департаментінің бірлескен операциясы кезінде қолға түсті. Үш адам мінген Mitsubishi маркалы көлік Жаркент қаласында тоқтатылған. Оны тексеру кезінде ішінен алты қорапқа және бірнеше сөмкеге салынған киік мүйізі табылды. Күдіктілер қамауға алынып, тиісті сараптама тағайындалды. Оларға қатысты сирек кездесетін жануарлардың дериваттарымен заңсыз айналысу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.