Атырауда 2 балық зауыты салынады

Атырауда тауарлы балық шаруашылығы бойынша 2 жоба жүзеге асты, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа кәсіпорын жылына 15 млн шабақ пен 80 тонна балық өсіреді. Бұған қоса өңірде балық жемін әзірлейтін зауыт салынады. Өңдеу өнеркәсібі де жанданады. Дегенмен салада шешімін таппаған мәселелер де баршылық.

Тауарлы балық зауыты 2014 жылы ашылды. Қазір жылына 10 тонна бекіре тұқымдас балық пен 1 тонна уылдырық өндіреді. 2020 жылдан бері бағалы су маржандарының 500 мың шабағын өсіріп, жыл сайын Жайыққа жібереді.

Ахат Ниматов, жұмысшы:

- Мекеме 2020 жылдан бері мемлекеттік тапсырыспен және табиғат пайдаланушылардың тапсырыстарымен шабақтар өсіріліп, Жайық өзеніне жіберіліп келді. Қазір балық өсіру саласына мемлекеттен көптеген қолдау болып жатыр. Соның ішінде мынау балыққа қажетті жемге мемлекеттен субсидия алып келеміз.

Қазір өңірде тауарлы балық өсірумен айналысатын 4 шаруашылық бар. Оның екеуі былтыр іске қосылды. Биыл тағы 2 зауыт пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ірі жобаның бірі Махамбет ауданында орналасқан. Онда жылына 15 млн шабақ пен 80 тонна тауарлы балық өсіріледі. Бұған қоса биыл балықтың қорегін жергілікті жерден өндіру жобасы қолға алынады.

Артур Сәдібекұлы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Тауарлы балыққа берілетін жемнің жобасы, зауытты салуға бір инвестор ниет білдірді. Қазір бірлесіп, келіссөздер, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жылы салынып, жылдың соңына дейін беріледі деген жоспарымыз бар. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тауарлы балық өсіруге ден қойып отырмыз.

Өңірдегі балық шаруашылығын дамытуда ілгерілеумен қатар іркіліс те бар. Өйткені бекіре балығының шабақтарын өсіріп, мемлекеттік тапсырысты орындап отырған жалғыз зауыт 1998 жылдан бері жөндеу көрмеген. Қазір күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұған қоса балық жүзетін судың таяздығы шаруаны шатқаяқтатып тұр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Жайық өзенінің теңізге құяр жеріндегі судың таяздығы бекіре балық өсіру зауытының жұмысына да кедергі келтіріп отыр. Өйткені былтыр мемлекеттік тапсырыс орындалмай қалды. Жайыққа 7 млн шабақ жіберілуі керек болса, былтыр тек 1 млн 900 мың шабақ жөнелтілген.

Жұпар Өтеулиева, бекіре балық өсіру зауытының бас маманы:

- 2013 жылдан бері қолға алынып жатқан аналық жөндеу үйірін қалыптастырып жатырмыз кәсіпорында. Бірақ ондағы аналық балықтардың саны мемлекеттік тапсырысты орындауға жеткіліксіз. Біз әлі де Жайық өзенінен ауланатын балықтарға тәуелді болып отырмыз мелекеттік тапсырысты орындау үшін. Былтыр аналық балықтар Жайық өзеніне аз кіргендіктен, біз мемлекеттік тапсырысты орындай алған жоқпыз. Биыл енді үміттеніп отырмыз.

Мемлекет басшысы 2022 жылы өңірге сапары кезінде балық өңдеуді жандандыруды тапсырған еді. Осыған орай қазір Құрманғазы ауданындағы Шортанбай балық өңдеу зауыты толық жаңғыртылып жатыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Жаңғырған зауыт 2025 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.