Баламалы энергетикадан алынған электр қуатын сатуға болады
Қазақстандықтар баламалы энергетика көздерінен алынған артық электр энергиясын сата алады.
Тиісті заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Енді қуаттылығы 200 мегаваттан аспайтын жел, күн және басқа да баламалы электр станцияларының иелері артық өндірілген қуатты энергиямен жабдықтаушы ұйымға сата алады. Ол үшін жаңартылатын энергия көздері нысанының иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттелмейді. Ал электр энергиясының шекті бағасын Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейді.
Бауыржан Смағұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Электр энергиясын тасымалдау қызметі – тегін болады. Бұл – баламалы қуат көзін өндірушілерді қолдау шараларының бірі. Сондай-ақ тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату бойынша үлгілік шарттар әзірленіп, бекітіледі. Онда уәкілетті органдар кедергілерді жоя отырып, жаңартылатын энергия көздерінің шағын көлемдегі объектілерін жалпы электр желісіне қосу ережелерін бекітеді.