Каспийде әскери жаттығу өтіп жатыр
Еліміздің Әскери-теңіз күштері Каспийде жауынгерлік дайындығын пысықтап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бірлескен оқу-жаттығуға шекара флотының жауынгерлік кемелері мен майдан авиациясы қатысып жатыр. Тапсырма бойынша миннотраль мен зымыранды-артиллериялық кемелер су бетіндегі және әуе нысандарына оқ жаудырды. Жаттығудың келесі кезеңінде теңізшілер су көлігінің қозғалтқыш бөлігінен шыққан өртті сөндіріп, жараланғандарды құтқаруда кәсіби шеберлігін байқатты. Контр-адмирал Сәкен Бекжанов жетекшілік еткен әскери жиын ертең аяқталады.
Нұрбек Талғатұлы, «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кеме командирінің көмекшісі:
- Түнгі және күндізгі атыс жаттығулары өткізілді. Қауіпсіздік ережелері бұзылған жоқ және де жеке құрам өзінің біліктілігін арттырды. Алға қойылған мақсаттар толықтай орындалды. Алдағы уақытта біздің Әскери-теңіз күштері бұдан да үлкен жаттығуға қатысып, өз шеберлігімізді шыңдаймыз деген үміттемін.