Көп баланы бауырына басқан отбасы
Павлодар облысында көп бала асырап отырған отбасы тұрады.
Жеті жыл бұрын олар бір үйдің жетім қалған бес баласын бауырына басқан. Солардың тұңғышы университетті үздік бітіріп қызметке кірісті. Екеуі студент.
Шаңырақ иелері Татьяна мен Вадим Мороз былтыр тағы бір бала асырап алды. Сегіз жастағы Жан үйдің кенжесі. Бұл отбасы өздерінің кең пейілімен достық пен ұлтаралық қатынасты нығайтуға үлес қосып отыр.
«Клавдия мен Александра Наурыз мейрамына дайындалып жатыр. Қыздарым өнерлі», - дейді аналары. Екеуі би үйірмесіне қатысады. Спортпен де шұғылданады. Көпбалалы отбасы барлық мерекені бірге қарсы алады. Тамара жиырма жылдай Розов ауылындағы балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс істеген. Болашақ балаларымен сол жерде танысқан.
Тамара Мороз, Розов ауылының тұрғыны:
- Біз балаларды 2017 жылдың мамыр айында алдық. Төрт қыз, бір ұл бала. Үлкені Таня 15-те. Ең кішкентайы Саша 5 жаста болды. Осыдан бір жарым жыл бұрын Жанды кездестірдік. Баланың қиын тағдырына бейжай қарай алмадық. Қазір өмірімізді Жансыз елестете алмаймыз.
Осылайша ерлі зайыпты Тамара мен Вадим патронаттық отбасына құжат рәсімдеуге барып олжалы қайтқан. Жаңа ортаға Жан тез сіңіп кеткен. Мейірім шуағына бөленіп өсіп жатыр. Ал бес баланың үшеуі студент, екеуі әлі мектеп қабырғасында.
Клавдия Старухина, тәрбиеленуші:
- Мен түрлі жарыстарға барамын. Командамен бірге уақыт өткізу өте қызық әрі көңілді. Волейболмен айналысқаныма үш жыл болды. Жуырда Павлодарға барып жарысқа қатыстым.
Александра Мороз, тәрбиеленуші:
- Менде әпкем сияқты биді таңдадым. Ал волейболмен айналысқаныма екі жыл болды. Алматыға, Астанаға бардық. Павлодарға жиі барып өнер көрсетеміз. Наурыздың 15-де биден байқау өтеді. Бас жүлдені жеңіп алуға тырысамыз.
Наурызда ұлттық тағамдарға басымдық беріледі. Ең бастысы - ас мәзірін қыз балалар өздері дайындап үйренген. Клавдия мерекелік дастарханға арнап қазақтың бауырсағын пісірсе, сіңлісі Александра масленицаға орыстың құймағын құйып жатыр.
Тамара Мороз, Розов ауылының тұрғыны:
- Егер қазақ халқының ұлттық мерекесі болса біз қазақтың тағамдарын әзірлейміз. Ол ет, манты. Балаларға әркез бауырсақ пісіріп беремін. Мерекелерде түрлі ас пісіріп бәрін таңқалдырып отырамын. Балаларды жақсы көремін және сендер болмасаңдар не істер едім - деген сауалды оларға жиі қоямын.
Татьяна мен Вадим Мороз жетім қалған алты баланы тәрбиелеп өсіріп жатыр. Жан қазақ, қалған балалары орыс ұлтынан. Бірлік пен береке тұрақтаған тату-тәтті шаңырақ облыс бойынша «Үздік отбасы» атанған. Ал мерекелерде өздерінің үш баласымен бірге тоғыз бала, бес немере бас қосады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков