Наурызда шеке беру дәстүрі бар
Ұлыстың ұлы күні наурыз көжесіз өтпейді.
Есіктен мейрам енгеннен жеті түрлі дәмнен көже дайындайды. Мерекелік астан жаппай ауызтиіп, арқа-жарқа болған ағайын бір біріне «Ақ мол болсын, ырыс толсын» деп тілек білдіреді. Сондай-ақ, құрметті қонағына жылқының шекесін ұсынып, сый-құрмет көрсетеді.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Ертеде елдегі үлкендер наурыз мейрамын - Қызылбастың наурызы деп отыратын. Мұндағы Қызылбас дегені - парсы елі. Ал сол ирандықтардың тілінде наурыз «жаңа күн», «жаңа жыл» дегенді білдіреді. Қазақ халқының ескі жыл санауында да наурыз айы - жылдың бастауы ретінде саналады.
Шығыс жұрты жаппай тойлайтын бұл шақты қазақ: «наурыздың келгенін жандыда балық, жансызда Самарқанның көк тасы біледі» дейді. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, хал сұрасып арқа-жарқа болады. Елдің аузы аққа, малдың аузы көкке тиеді.
Төрехан Майбас, этнограф:
- Жыл санағанда біз маусым, тоқсандарға бөлеміз. Мысалы күз, қыс, көктем, жаз. Соның қыс тоқсан деген үш айы бар. Қыс айы желтоқсанның он үшінде кіреді. Осы желтоқсанның 13-інде қазақ баласы соғымдарын сойып алады. Енді желтоқсанда соғымын сойып алды дедік. Енді 3 ай керек қой, желтоқсан, қаңтар, ақпан және наурыз. Наурыздың 13-інде қыс тоқсаныңыз бітеді. 14-ші наурызда көктем кіреді.
Жалпы қазақтың дастарханынан ас үзілген бе? Төрінен қонақ арылмайтын ел дәл осы уақытта ауыл-елді шекеге шақырады. Ал шеке жылқыда ғана болады. Қазақтың көнеден бұлжымай жеткен, бүгінгілер ұмыта қоймаған бір дәстүрі осы.
Төрехан Майбас, этнограф:
- Құны жоғары мүшесі, құрметі жоғары мүшесі ол соғымның шекесі. Яғни малдың басы. Қазақ соғым сойғаннан кейін әр қазақ соғым басын береді. Ал шеке деген екі бөліктен тұрады. Шекенің бірін соғым басына салады. Екінші бөлігін Ұлыстың ұлы күні береді.
Қазіргінің қазағы мереке енгеннен жеті дәмін даярлап, наурыз көже дайындауға дағдыланды. Оны қасиетті ас деп санаған. Жыл көлемінде молшылық болады деп сеніп, әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірлейді.
Блиц:
- Наурыз мерекесіне анам наурыз көже істеп береді. Наурыз көжені өте жақсы көремін.
- Наурыз мейрамында отбасымызбен наурыз көже жасап, Наурыз мейрамын тойлаймыз.
- Пайдалы, құнарлы, жалпы ұнайды өзімізге Наурыз мейрамы, наурыз көжесі.
Оның құрамы әр уақыттары түрленіп келеді. Ескі сенім бойынша қыстан қалған қолдағы астың барлық түрін араластырып көже қайнатады. Атауы да әртүрлі. «Наурыз көже», «Тілеу көже», «Көп көже» деп те атап жүрміз.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы