Дертке дауа бекзат өнер
Қарағандылық хореограф даун синдромына шалдыққан балаларды би өнеріне баулып жүр.
Нәтижесінде қазір олардың көңіл-күйі көтеріліп, қимыл-қозғалысы артқан. Нұрлан Мұқатаевтың қажырлы еңбегін елеген ата-аналар оған алғысын айтуда. Ал хореографтың өнерін бүгінде көпбалалы отбасылардың балалары мен зейнеткерлер де үйреніп жүр.
Нұрлан Мұқатаев даун дертіне шалдыққан балалар үшін қимыл-қозғалыстың аса маңызды екенін жақсы біледі. Әрі жас бишілердің де икемі тәуір. Әуен қосылған кезде-ақ, бірден ілесіп билей кетеді.
Рысжан Жәнібекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Сөйлеу қабілеті күшті болды. Адамдармен қарым-қатынасы жақсы болып қалды. Мектепке барамыз ғой, мектептегі мұғалімдер де айтады. Ұстаздар: «өте керемет өзгеріс, керемет нәтижеге жетіп жатыр. Әрі қарай жете беріңіз, жетектей беріңіз», -деп жатыр.
Арайлым Бәкенова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Ондай бала бағып отқаннан кейін мен оның бәрін түсінем. Қанша қиын болса да, ол балалар бірде былай болады, бірде былай болады. Соның бәріне көніп, осы күнге дейін көтеріп келе жатырмын. балам да өте қатты өзгерістер бар. Олар шаршағандарын ұмытып кетеді. Нұрлан Мұқатаевичті көргенде ол кісі есіктен бастап күліп қарсы алып, құшақтап балаларды солай жылумен қарсы алғаннан кейін балалар бәрін ұмытып, жақсы нәтижемен осындай осы күнге жеттік.
Хореографтың балаларға қояр талабы қатаң. Олар жасай алатын қимылдан өзге де жаттығулар береді. Себебі, ойлағандай нәтиже болмауы мүмкін екенін айтады. Сондықтан, музыка мен қозғалыс үндестігін қатар дамыту қажет деп санайды. Маманның мұндай міндеттерін орындап үйренген балалар бүгінде облыстың байқаудың жүлдесін де жеңіп алған.
Нұрлан Мұқатаев, хореограф:
- Біз жарысу үшін келген жоқпыз. біз өз-өзімізге негізі доказать ету үшін келдік. Біз сендерден ешқандай айырмашылығымыз жоқ. Біз сендер сияқты сахнаға да шыға аламыз, біз билей де аламыз. Мен бұл балаларға соны айттым негізі. Олар мені түсініп жатыр ма, түсініп жатқан жоқ па мен білмеймін. Мен оларға айтам: сендер звездасыңдар!
Нұрланның өнері қарттарға да жаққан. Олар да би түрлерін тегін меңгеріп жүр. Арасында тіпті 85 жасқа келген зейнеткердің өзі, өзгелер секілді әр «сабақты» жібермеуге тырысады. Жеткен жетістіктері де аз емес.
Рашида Ақамбаева, «Нұрби» үлгілі би ансамблінің мүшесі:
- Бір жұмада қолымыз майысып, аяғымыз нетіп,бірінші орын алып келдік. Ондай үлкен сахнада тұрамын деп мвообще ойламағанмын ғой мен. Кәдімгідей эмоция. Сосын бүкіл мүшелерің қимылдайды, жақсы сезінесің.
Даун синдромына шалдыққан балалардың би тобы «Солнечные» деп аталса, зейнеткерлерден құралғаны «Нұр би» атауына ие. Соңғысы 20 жыл бұрын құрылған. Бүгінде құрамында 250 адам бар. Нұрлан Мұқатаев бишілері үшін гастролдік сапарды өзі ұйымдастырып, сахнаға қажетті киім-кишектерді де өзі тігеді.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Марина Золотарёва, Зарина Зулпыхар