Ақмола облысында саятшылар бас қосты
Ақмола облысында Ұлыстың ұлы күніне орай бүркітшілер мен тазы баптаушылардың жарысы өтті.
Дүбірлі додаға елдің әр қиырынан 70-ке жуық саятшы жиналды. Ашық турнир осымен екінші рет Зеренді ауданында өтіп жатыр.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Зерендідегі ауа-райы ерекше құбылып тұр. Бірақ, осындай сақылдаған сары аяз да, ақтүтек боран да қыран құсқа қорқынышты емес. Тек баптаушысы бабын тапса болғаны.
Бүркітшілер жарысы бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен құсты ұшырып, қайта қолға қондыру әдісі қаралды. Кейін шырға тарту және қырындардың аң алуы сыналды. Барлық қатысушы тыңғылықты дайындықпен келген. Олардың арасында бұрымды бүркітші қыздар да бар. Әйгерім Бекқожина осы додада әлі қанаты қатая қоймаған «мұзбалақ» атты қыранын және бес бірдей тазысын жарыс жолына қосты.
Әйгерім Бекқожина, құсбегі:
- Менің қызығушылығым жолдасым екеуміз бірге баптау керек болды. Сол кезде ашылды. Бұл балапан болып келді. Бәрін басынан үйреттік. Мысалы мен қолдан жіберем, жолдасым күтіп алу керек. Иә, бұдан бөлек бізде бес тазымыз бар. Балалардың қызығушылығы бар. Тамақ беруге көмектеседі. Ұшырады.
Құсбегілерден бөлек, жарыс барысында қазақы иттердің де жүйріктігі сыналды. Желмен жарысқан 50-ден астам құмай тазы тартысқа түсті.
Дидар Науқанов, итбегі:
- Негізі елімізде тазы жақсы дамып жатыр. Бұл біздің құндылығымыз ғой. Енді бір осыны ұлттық спорт деңгейіне көтеру деген мақсат бар. Ұлттық спортқа қосылса одан да керемет болады.
Жарыста жас қатысушыларға да ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе, бүркіт ұшыру кезінде балғындар белсенділік танытты. Осылайша, ұйымдастырушылар ұлттық өнерді жас өрендердің бойына сіңіруді көздейді.
Сейілбек Жақашев, жарысты ұйымдастырушы:
- Байқағандай, біз балаларға ұшырттық бүркітті. Оысыны да көрген жас балалар қазақтың ұлттық өнеріне жақындасын. Қазір енді ғаламтордың заманы ғой. Екі баланың бірі қолынан телефон соткасын тастамайды. Содан бір айығып, осы бір қазақтың ұлттық өнеріне бет бұрса деген ниетпен.
Сонымен сайыста қарағандылық Сағат Қапашевтың «сарықасқа» тазысы бас жүлдені жеңіп алды. Ал құсбегілер арасында ақмолалық Нұрәлі Тастанбек үздік атанды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақылар табысталды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный