Қазақ сарбаздары АҚШ-тағы жарыстан жеңіспен оралды
Қазақ сарбаздары АҚШ-тың Аризона штатында өткен «Үздік жауынгер-2024» жарысынан жеңіспен оралды, деп хабарлайды 24KZ.
Әскери қызметшілеріміз бұл шараға арнайы шақыртылған. Оған отандастарымызбен қатар АҚШ күштік құрылымдары арнайы бөлімшелерінің 40 жауынгері қатысты. Солардың арасынан Қазақстан Қарулы Күштері мен Ұлттық ұланның қос сержанты ең үздік нәтиже көрсетті.
Аризона штатының Феникс пен Флоренс қаласында өткен әскерилер арасындағы жарысқа Қазақстан тарапынан сержант Мұхиадин Смағұл мен Орынбек Сандыбеков қатысты. Қос сарбаз физикалық дайындық, америкалық үлгідегі атыс қаруын бөлшектеп құрастыру, оларды жауынгерлік күйге келтіру, тапаншадан, автоматтан және пулеметтен оқ ату сияқты нормативтерді сәтті орындады. Жарыс бағдарламасында радиостанцияны баптау, байланысқа шығу, түнгі және күндізгі уақытта маңайды бағдарлау, алғашқы медициналық көмек көрсету, жаралыларды шартты түрдегі майдан даласынан алып шығу сияқты тапсырмаларды орындады.
Мұхиадин Смағұл, 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының сержанты:
- Америкаға барған кезде өзімнің қазақ бауырымды айтатын болсам, екеуіміз намысқа тырысып, қандай қиыншылық болса да, біз жеңіске жетуге тырыстық. Барлығын көріп, мұқият қарап, түсініп, барлығын көрсетті. Соған қарап, жеңіске жеттік біз. Америкалықтар біздің мықты жағымызды көрді. Біз қазақтар әлсіз емес екенімізді көрсеттік оларға. Намысқа тырысатынымызға дейін көрсеттік.
35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының сержанты Мұхиадин Смағұл 21 шақырымдық маршты қару және салмағы 16 келі тартатын әскери жарақпен 1 сағат 59 минутта еңсерді. АҚШ-тың алдынала іріктеуден өткен ең үздік сарбазы одан 1,5 шақырымдай артта қалып қойды. Мұхиадин – Қызылорда облысының тумасы. Ол бала күнінен әскери салада қызмет етуді армандаған. Өзінің физикалық дайындығын шыңдау мақсатында жастайынан спортты жанына серік еткен. «Ол қарамағындағыларды қатал тәртіппен ұстайтын, кейінгілерге құрметпен қарайтын өз ісіне өте жауапты сержант», – деді командирі.
Дәурен Төленбаев, бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары:
- Қатысып қайтты Америкаға. Қазақстанның туын көтерді, елі, жері бар екенін көрсетті және десанттық-шабуылдаушы әскерлердің бар екенін көрсетті. Адам ретінде өте жақсы бала, ынталы бала. Көрсетер тәрбиесі өте жоғары. Әке-шешесіне, үлкенге деген, адамдарға сыйластығы өте жақсы. Тәртіп жағынан болсын, жұмысқа кешігу, ондай ешқандай жаман қылықтарын көрген жоқпыз сержантымыздың.
Мұхиадин мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарынан орала салысымен өзі қызмет ететін әскери бөлімдегі екі жарысқа қатысып, екеуінде де жеңімпаз атанды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.